ШҚО-да тағы да жүк пойызы рельстен шығып кетті

ШҚО-да тағы да жүк пойызы рельстен шығып кетті
Сурет: Ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысында тағы да жүк пойызы рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

ШҚО Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 22 маусымда Серебрянск қаласының маңында болған.

 «Көкжиек-Күмістау теміржол учаскесінің 95-ші шақырымында жүк пойызының вагондары рельстен шығып кетті. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 344-бабы 1-бөлігі (Жол қозғалысы немесе темір жол көлігін пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - делінген ақпаратта. 

Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Зардап шеккен ешкім жоқ. Қазіргі уақытта учаскеде қозғалысты қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 

Естеріңізге сала кетсек, биыл сәуір айында ШҚО-да жүк тиелген 18 вагон рельстен шығып кеткен болатын.