Шығыс Қазақстанда өрттен 3 адам көз жұмды

Шығыс Қазақстанда өрттен 3 адам көз жұмды
Cурет: 24.kz

Өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолдану

Шығыс Қазақстан облысында бір күн ішінде өрттен 3 адам қаза болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бірінші оқиға Риддер қаласы Бутаково ауылында болған. Өртенген үйге келіп жеткен құтқарушылар 85 жастағы үй иесінің денесін тапты. Тілсіз жаудың шығуына - пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау себеп болуы ықтимал.

«Ал Шемонаиха қаласының 84 жастағы тұрғыны үйінде электр жылытқышты қосып, оны ағаш үстелге қойған. Осының салдарынан өрт шығып, үй иесі көз жұмды», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Ұлан ауданында 33 жастағы ер адам отқа оранған жер үйден шыға алмай, қаза болды. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолдану делініп отыр.