Үшінші айналым үміті

Теннис

 Қазақстандық теннисшілер Australian Open турниріндегі сапарын аяқтады. Зарина Диас пен Юлия Путинцева жеке сында үшінші айналымға жетсе, ерлер арасында жұптық сында Александр Бублик пен Андрей Голубев те сол межеден көрінді.

Алғашқы айналымда Зарина Диас словениялық Тамара Зианшектен басым түсті (6:2, 7:5). Бұдан кейін америкалық Бернарда Пера тап келді. Бірінші сетте Диас 6:4 есебімен жеңді. Екінші сеттің алғашқы геймінде Диас үш брейк-пойнт мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Бұдан кейінгі өз кезегінде Пераға ұпай ұстатып қойды да, сетті «сыйлауға» мәжбүр болды – 3:6. Үшінші сет те отандасымыз үшін сәтсіз басталды: ол бірден өз ұпайын қарсыласына беріп қойды. Есеп 1:3-ке жеткен соң ғана Диас қаһарына мінді. Ол қатарынан бес ұпай иеленіп, 6:3 есебімен таразы басын өзіне аудара алды. Бірақ келесі кезеңде Гарбинье Мугуруса (Испания) Диастан әлдеқайда шебер ойнады – 1:6, 1:6.

Австралияға табан тірей салып, 14 күндік қатаң карантинде болған Юлия Путинцева да екі қарсыласын жеңіп, үшіншісіне жол берді. Ол алдымен Слоан Стивенсті (АҚШ) тізе бүктірді. Содан соң бельгиялық Алисон Ван Ейтванктан 6:4, 1:6, 6:2 басым түсті. Бірақ үшінші айналымда Юлия ең ыңғайсыз қарсыласының бірі Элина Свитолинадан (Украина) тағы өте алмады. 1 сағат 23 минут ішінде тағдыры шешілген кездесуде Свитолина анағұрлым басым болды – 4:6, 0:6.

Ярослава Шведова мен Михаил Кукушкин алғашқы айналымда-ақ жолдан шықса, Елена Рыбакина екінші кезеңде Фиона Ферродан (Франция) айла асыра алмады. Александр Бублик бірінші кездесуде словениялық Алиас Беденені төрт сетте жеңді. Бұдан кейін серб Душан Лайовичпен 3 сағат 5 минут бойы айқасқанмен, таразы басын өзіне аудара алмады – 4:6, 6:7, 6:4, 3:6.

Жұптасып өнер көрсету сынында А.Бублик тағы бір отандасымыз Андрей Голубевпен бірге үлкен сенсация жасады. Олар бірінші айналымда италиялық/финляндиялық жұп С.Карузо мен Е.Руусувуориді жеңіп, келесі кезеңде әлемдік рейтингте бірінші тұрған Хуан Себастьян Кабал мен Роберт Фараға (Колумбия) тап келді. Өте жинақы ойнаған отандастарымыз мықтыларды екі сетте де тұқыртып, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бірақ үшінші айналым олар үшін де сәтсіз болды. Марсело Алеваро (Сальвадор) мен Матуи Мидделкуп (Нидерланд) жұбы алғашқы сетті біздің отандастарға тай-брейкте бергенмен, әрі қарай жеңіс жолынан айныған жоқ – 7:6, 6:7, 3:6.

Әйелдер арасында З.Диас пен Ю.Путинцева жұбы да, Е.Рыбакина мен Я.Шведова жұбы да алғашқы айналымнан аса алмады.

 

Естен САБАЛАҚ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *