Шымкентте кәсіпкерлер қызметіне заңсыз араласқан 20 лауазымды тұлға сотталды

Шымкентте кәсіпкерлер қызметіне заңсыз араласқан 20 лауазымды тұлға сотталды
Сурет: Ашық дереккөз

Бизнесті қорғау және заңсыз араласуға жедел ден қою мақсатында арнайы мобильді топ құрылды

Шымкентте үш жыл ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуының 21 фактісі анықталып, 20 лауазымды тұлға сотталған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев кәсіпкерлермен кездесуінде айтты.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнесті қорғау және заңсыз араласуға жедел ден қою мақсатында арнайы мобильді топ құрды. Топтың құрамына қала әкімінің орынбасары, аудан әкімдері, антикор қызметкерлері, кәсіпкерлер палатасы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменттерінің өкілдері, кәсіпкерлер қауымдастығы, заң кеңесшілері мен қоғам белсенділері еніп отыр.

Мобильді топ тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді, өтініштер мен шағымдарды, ұсыныстар қабылдайды, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірген жағдайлар туралы телефон хабарламаларына шұғыл жауап береді.