Шымбұлақтағы көлікті шектеуге қатысты сарапшылар не дейді?

Шымбұлақтағы көлікті шектеуге қатысты сарапшылар не дейді?
Сурет: Ашық дереккөз

Бұған дейін Шымбұлақ аумағына көлікпен кіруге шектеу қойылатыны туралы хабарлағанбыз. Аталған ереже жайлы сарапшылар не дейді, олардың пікірін оқи отырыңыздар.

Еркін Жайлаубеков, логистика және көлік академиясының профессоры, Қазақстанның құрметті көлік қызметкері, Ресей көлік академиясының академигі:

 «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты Іле Алатауы шатқалында теңіз деңгейінен 2260 м биіктікте, Алматы қаласының орталығынан 25 км жерде орналасқан. Жазда ауаның орташа температурасы +20С, қыста -7С. Қардың орташа қалыңдығы 150 см-ге дейін жетеді, жылына 90% күн шуақты. Теңіз деңгейінен 3163 метр биіктікте көтергіштер болады. Екі қапталда қарлы беткейлер мен мәңгі жасыл Тянь-Шань шыршалары өскен керемет таулар бар.
«Шымбұлақ» қазақстандық және ресейлік туристер арасында ғана емес, сонымен қатар, алыс шетелден келген қонақтар арасында да дамыған инфрақұрылымы, сапалы сервисі бар жыл бойғы белсенді демалыс орны ретінде танымал. Бүгінде Қазақстан мен Алматы қаласының экологтарын Шымбұлақ курорттық аймағының жағдайы алаңдатады. Инфрақұрылымның дамуы, тау шаңғысы туризмі нысандарын жаңғырту мен салуға байланысты көліктен, машинадан және тұрмыстық қалдықтан шығатын ластаушы заттар табиғатқа кері теріс әсер етеді. 
Аспалы жол енгізілсе де, курорт аймағына жеңіл автокөліктер мен автобустар кіреді. Аймақта бензин және дизельді қозғалтқышы бар машиналар мен механизмдер жұмыс істейді. Олар қоршаған ортаны қорғау курорттық аймағының ауасын ластайды. «Шымбұлақ» курорттық аймағының ауасын қорғау бойынша белгілі бір іс-шараларды қабылдау қажет.
Осындай іс-шаралардың бірі «Шымбұлақ» аймағына автокөліктің кіруін шектеу болып табылады. Көлік экологиясы жөніндегі маман ретінде Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының «Шымбұлақ» аймағына дизельді және бензинді қозғалтқышы бар автокөліктің кіруіне тыйым салу туралы бастамасын қолдаймын.

Тимур Елеусізов, «Eco Fund Tabigat» ҚҰ, «Kaz Eco Patrol» ӨҚҰ төрағасы, экоамбассадор:
Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы дер кезінде, қажет тіпті, ішінара мәжбүрлі шара ұсынып отыр. Ұлттық саябақ аумағында қатаң реттеудің болмауына байланысты экожүйеге немесе адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін көптеген жағдай, оның ішінде төтенше жағдайлар да болды.
Біз жақында ғана экологиялық сыйымдылық пен төзімділік деген ұғым бар екенін түсіндік - бұл қорғалатын табиғи аумақтарда кейбір әрекетке тыйым салуды білдіреді, себебі бұл экожүйені біртіндеп құртады, содан кейін әкімдік немесе Үкімет немесеполиция қайда қарап отыр, бізде бәрі жаман, ал шетелде ұлттық саябақта бәрі жақсы, ол жақта көлік жүрмейді деп қолымызды сермеп отырамыз. 
Ұлттық саябақты болашақ ұрпақ үшін бұзылмаған қалпында сақтағымыз келсе, автокөлікпен жүруге тыйым салу керек, мұнда туристерге қатысты айтып отырмын, ал ТЖ қызметіне ғана рұқсат. Жаяу туризм инфрақұрылымын енгізуге, кеңейтуге тиіспіз. Табиғи саябақтарды сақтауды мақсат тұтсақ, жаяу туризм Ұлттық саябақтардың негізгі ұстанымы болуы керек.
Бәріміз білімді адамбыз, табиғи саябақтың экожүйесіне кері әсері бар автокөлік қозғалтқышының шуылы неге апарып соқтыратынын түйсінуіміз қажет. Сондықтан тарихи тұрғыдан алғанда, көлік логистикасын қажет ететін Медеудегі инфрақұрылымның санын шектеп, сапасын арттыру керек, бұл ішкі жану қозғалтқышы бар электромобильдерге ауысуға қатысты. 
Бұл жағдайда Медеу саябағы басшылығының бастамасын толығымен қолдаймын! Өз басым автокөліктердің қозғалысына мүлде тыйым салар едім, олар жаяу туристер үшін де қауіпті, бірақ толық алынып тасталмағандықтан, оларды шектеп, электрге ауыстырып, өзара тиімді ымыраға келу керек.

Әсет Наурызбаев, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Solai Tech» ЖШС тең құрылтайшысы, «Чистый воздух Алматы» азаматтық бастамасының модераторы:
Алматы қаласына іргелес шатқалдардың таулы аудандарына машинамен кіреберіс (Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Талғар, Ақсай және т.б.). Бұл шатқалдар тау-алқап айналымы нәтижесінде қаладан көтерілетін түтінді күнделікті тазартуда рөлі зор. Бұған қоса, бұл шатқалдарда қаланы қамтамасыз ететін жер үсті және жер асты сулары бар, осыған байланысты ғимараттар мен құрылыстарды салуға тыйым салу, сонымен қатар ауаны және суды ластайтын автокөліктердің қозғалысын барынша шектеу жөнінде шаралар қабылдануға тиіс.
Электр және газбен жүретін мамандандырылған техникаға ғана рұқсат. Аталған шатқалдардағы тұрғын үйді газбен немесе электрмен жылытуға көшіру туралы мәселені жеке шешу қажет, ол үшін сұйытылған көміртекті газ үшін жергілікті газ сақтағышты жабдықтап, оны үйлерге тарату мүмкіндігін қарастыру қажет.

Бұлқайыр Мәмбетов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Орман ресурстары, аңшылық және балық шаруашылығы» кафедрасының профессоры:
Халық демалатын аймақтарда демалыс орындарын дұрыс пайдалану мақсатында аудан бірлігіне рекреациялық жүктемелер есептелуге тиіс.
Рекреациялық жүктеме - орман рекреациясы нысанының ауданы, келушілер саны және олардың нысанда болу уақыты арқылы айқындалатын орман рекреациясының түріне байланысты факторлардың биогеоценозына әсер ету көрсеткіші. Оңтайлы, шекті және дистракциялық рекреациялық жүктемені ажыратады.
Рекреациялық ормандардағы антропогендік жүктемелердің деңгейі бір жағынан, орман алқабына келетін демалушылар санымен, екінші жағынан, орманның өзінің қасиетімен, оның рекреациялық жүктемелерге төзімділігімен анықталады. Демалушылар санына байланысты рекреациялық ормандардың аумақтары қарқынды (жаппай) пайдалану аймақтарына бөлінеді, мұнда келушілер саны гектарына 6 немесе одан да көп адамнан асуы мүмкін. Олар орман шаруашылығының ерекшеліктерімен, пайдалану және абаттандыру режимдерімен ерекшеленеді.
Өкінішке қарай, Медеу шатқалындағы демалыс аймағындағы аудан бірлігіне рекреациялық жүктеме өте жоғары екенін атап өткен жөн, өйткені жексенбі және мереке күндері келушілер саны рұқсат етілген жүктемеден әлдеқайда көп болып, демалушылардың қарасы артады. Осыған байланысты біздің ұсынысымыз:
- антропогендік жүктемелер деңгейін анықтау мақсатында аудан бірлігіне жүктеме нормаларын анықтау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу;
- демалыс күндері көліктер мен демалушылардың кіруін шектеу.

Наталья Огарь, б.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Каспий қоғамдық университетінің профессоры, «ТЕРРА Табиғат» ЖШС Бас директоры:
Әрине, ластаушы заттар шығаратын автокөліктердің ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіруін шектеу керек. Бұл мәртебе кезінде біздің тау бөктері мен тұмса табиғаттың бүлінбеген аумақтарын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында берілді. Бұл биоәртүрлілікті сақтау тұрғысынан өте маңызды.
Бұл аумақта ұя салатын, отырықшы, қоныс аударатын және қыстайтын құстарды қосқанда кемінде 136 түрлі құс кездеседі, 12 тұқымдасқа жататын сүтқоректілердің 25-ке жуық түрі бар. Бұғы, сібір елігі кездеседі. Кеміргіш, тиін, атжалманның түрлері көп. Жыртқыштардан түлкі мен сусар тұқымдас ақкіс және борсық кездеседі. Сусардың сирек кездесетін түрінің бірі ақтөс сусар бар. Қызыл кітапқа кірген өсімдіктердің бірнеше түрі өседі. Сол себепті табиғаттың осы бір тамаша мүйісіне рекреациялық шектеулер енгізген жөн.