Шымбұлақта кәсіби сноубордшылар мен шаңғышылар арасында сайыс өтпек

Шымбұлақта кәсіби сноубордшылар мен шаңғышылар арасында сайыс өтпек
Сурет: Ашық дереккөз

Ұйымдастырушылардың сөзінше, жарысқа қатысуға 60-қа жуық адам өтінім берген

Шымбұлақта кәсіби сноубордшылар мен шаңғышылар арасында үлкен сайыс өтпек. Оған отандық спортшыларымыздан бөлек, шетелдік шеберлер де қатысқалы отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Сайыстың ұйымдастырушылары қала тұрғындары мен қонақтарын сенбілік демалысты тау-шаңғылық курортында өткізуге шақырады. Сөздеріне сенсек, онда сусын да, көздің жауын алар шоу да тегін болмақ.

Алтыншы рет ұйымдастырылып жатқан Gorilla Winter Jungle биыл теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте өтеді. Экстремалды жарысқа Қазақстанның ғана емес, Қырғызстан мен Ресейден, Еуропа мен ТМД мемлекетінен келген кіл мықтылары қатысады. Сайыстың жүлде қоры – 5 миллион теңге.

«Біз мұны неге ұйымдастырып отырмыз? Басты мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау. Әсіресе, сноуборд пен шаңғы спортының Қазақстанда да дамығанын қалаймыз. Ертең болатын жарыс қатысып жатқан райдерлерді ғана емес, көруге келген жұртты да қанаттандыру керек. Оларға ерекше эмоция сыйлайды деп сенеміз. Себебі спортшылар осы жолы бар өнерін көрсетеді», – деді Gorilla Energy PR-қызметінің жетекшісі Александр Кучура.  

Ұйымдастырушылардың сөзінше, жарысқа қатысуға 60-қа жуық адам өтінім берген. Одан бөлек, сайыстың көркін қыздыру мақсатында 16 спортшы шақыртылған. Оның 8-і шаңғышы, 8-і сноубордшы. Барлығы – спорт шеберлері, арасында Еуропадан келген майталмандар да бар.

«Шымбұлақ жайлы көп еститінмін. Өз көзіммен көріп, керемет сезімге бөленіп тұрмын. Бұл бірінші рет келуім. Мұнда өтетін жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Ережесі де ерекше екен. Мысалы, секіргенде бір әдісті қолдансаң, келесіде басқасын ойлап табу керек. Шеберлігіміз сынға түседі», – деді Gorilla Winter Jungle сайысына қатысушы Стипан Карпель (Польша).

«Өзім 12 жылдан астам уақыт сноубордпен шұғылданамын. Ресейде Big Air дисциплинасынан чемпионмын. Бұл жердегі жарыс жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Бәрі жеңіс үшін ғана келген», – деді Gorilla Winter Jungle сайысына қатысушы Ярослав Ленчевский (Ресей).

Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігі - бұл жолы Gorilla Pro team командасы арнайы шақырылған спортшылармен сайысатын болады. The Battle деп аталатын жаңа форматта шаңғышылар мен сноубордшылар бақ сынамақ. Айта кетсек, ауқымды іс-шара осы сенбіде Шымбұлақтың ең биік нүктесінде өтеді.