Шілдені шідерлейтін шідер келді

Шілдені шідерлейтін шідер келді
almaty-akshamy.kz

*Қазақы пайым

Сорпа ас болатын, қойлар «ораза ұстайтын», аңызақ жел аңырап соғатын, Алматыда «алма  жауатын», міне, осы кез.

Қазақы есепке жүгінсек, енді 10 күннен кейін жаңа ай басталады. Апта айдың басына сәйкес келіп тұр. Демек, ауа райында өзгеріс болуы әбден мүмкін. Оның үстіне шілденің мерзімі бітуге таяп қалса да, күннің қызуы қайтар емес.

Шілде айының басынан  орын алған ыстық оқта-текте жауған жаңбырға қарамай, алматылықтарды пысынатып-ақ жіберді. Миллиондаған  тұрғыны бар алып шаһардың іші алауға айналғандай бет қаратпайды...

Ақ басты Алатаудан соғып тұратын әдеттегі салқын самал азайды. Күндіз түгілі түннің өзінде де сирек соғады. Таңғы мезгілдегі алаң-елеңде елеусіз ғана есіп өтеді.

Тамыз айынан мамыр айына дейін Қазақстан жерінің солтүстік шығыс жағында «X» сияқты немесе «ромба» түрінде 5 жұлдыз үнемі көрініп тұрады. Халқымыздың пайымдауынша, олар Шідер (Таразы) шоқжұлдызы деп  аталады. Осы шоқжұлдыз төрт түліктің жайымен жиі көшіп-қонып отырған біздің бабаларымыздың жыл маусымдарын дәл анықтауына және соған қарай қам-қарекет жасауына игі ықпал еткен. Басқа шоқжұлдыздарға қарағанда едәуір ұзақ көрініп тұрады. Таразы шоқжұлдызының дәл ортасында қатар тұрған үш жұлдыз ерекше жарқырап көрінеді. Халқымыз оларға «Үш арқар» деп ат қойған. Солардың бірі – Шідер жұлдызы.

Тамызда Шідер (Таразы) туады, таң суиды. Тары, бидай піседі, шөп буыны қатаяды, гүл қартаяды, Шідер туған түні шөп сабағы дәріге айналады. «Ем іздесең таразының шөбінен ізде, жем іздесең таразының шөбін күзе» деген қанатты сөз бар. Осы кезде ауа райы салқын тартып, қою бұлт аспанды торлап, қоңыр күздің алғашқы нышаны көрініс береді. 

Қазақ есепшілері жаз ортасы ауа бастағаннан аспан жұлдыздарына көз сала бастайды. Қай күні аспаннан жарқ етіп Таразы жұлдызы туа қалса, күздік жиын-терімді бастайды. Малдарды қырдың ақ отына қарай айдап бағады. Бір жұма ойдың көк отына, бір жұма қырдың ақ отына баққан малдың еті мен сорпасы дәріге айналады, емдік қуаты жоғарылайды деп есептейді. Күз айы басталды деп ұйғарады. Қазіргі кезде ғылымда «орион жұлдызы» деп жүргені - осы Шідер жұлдызы.

Ар жағында күн, сосын су суиды. Шілденің шіліңгір аптабын шідерлейтін осы Шідер жұлдыз ғана …Бірақ мұнымен аптапты, ыстық күндер бітпейді. Шуақты күндер әлі алда баршылық. Күз құрғақ әрі жаймашуақ болады деген жорамал да жоқ емес...

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Күн мен  Айға қарап жасалған  жорамал:

*Ертеңгi күн құлақтанса, елiңдi жау шапқандай қорық,

кешкi күн құлақтанса, келiнiң ұл тапқандай қуан.

*Күн құлақтанып шықса, не боран, не аяздың белгiсi. Күн

құлақтанып батса, ауа райы жылы болады.

*Ай бұлыңғыр болса, жаңбыр жауатындығын, ашық болса,

шуақты болатындығын бiлдiредi.

*Жазда құйын көп болса, қыс аязды болды.

*Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.

*Аңызақ ыстық - қыстағы қатты аяздың белгісі.