Шежірелі ел!

Шежірелі ел!
Сурет: Еdq.kz

Өнер һәм шежіре - ел ішінде!

Қазақ халқы - көпті көрген халық. Егемен ел болам дегенше өз дәстүрінің түпкі мән-мағынасын шашпай-төкпей осы күнге жеткізгеніне қайранбыз. Қаншама ғасырлар және дәуірлер тезінен өтті. Десе де, мәуелі бәйтерек ағашындай тамыры тереңге кетті. Тіпті бірнеше эраларға жалғасуы да ғажап емес! Осыншама мол мұраны арқалап жүру ата-бабамыздың мықтылығы мен тектілігі деп білеміз. Әрдайым бір-біріне демеу болды. Былайша кейіптегенде, ағасы інісін қолдады. Бірін-бірі танымаса да, туған бауырдай көре білді. Өздеріңіз бақылып отырғандай, халықтың ойы мен ниеті жарқын болашақ еді. Бұрынғылар мұны Тәңірден тіледі. Сол тілеуі бүгіндері орындалды. Батыр бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке біздің қолымыз жетті. Мың шүкір! Ендігі мақсат - сонау көне жыр-дастандар, қиссалар мен ескі кітапта жырланған жырлардағы бейбітшілік арманын жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттау парыз.

Бабалар аманаты жолында бірқатар істер атқарылып келеді. Еліміз егемендік алған жылдары, Иран, Түркия, Өзбекстан, Қытай бір шеті Ресейден құнды жәдігерлер мен шежірені іздеді. Соның бірқатарына қол да жеткізді. Ең көбірек тараған тарих - ауыздан-ауызға тарап жеткен әңгімелер. Міне, біздер ұлтымыздың ән-күйі мен бай фольклорлық жырларына шолу жасауды жөн көрдік. Сол бағытта бірқатар ойлар тарқатылды.

ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ӨЛЕҢДЕРІ  

Мақала қазақ халық өлеңдерінің тарихын және фольклорын зерттеуге арналған. Бұнда сонау көне замандардан жеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен біте қайнасқан поэзиясы талданады. Мұнда халық өлеңдерінің бірнеше жанры талқыланады. Атап айтқанда, қара өлең, тарихи өлең, ән-өлең т.б.  Қазақтың жұртының өзіндік бітім болмысы, ұлттық құндылығы, терең тағлымы бар.  Сондықтан халықтың жадында сақталып, сан мыңдаған жылдар бойы өңделіп, бүгінгі күнге жеткен фольклорлық мұралардың мәнін ашуға негізделеді. Зерттеу нәтижелері бойынша келтірген түйіндемелер фольклорлық қазыналарымыздың ғылыми тараптан зерделенуін қарастырды. Сонымен қатар халық мұрасының ішіндегі тарихи-этнографиялық һәм фольклорлық өлеңдер бір арнаға түсіріліп, сараланды. Әсіресе, халықтың санасында сақталып қалған өлеңдердің дені тарихтан  сыр шертеді. Сол себепті көшпенділер, одан арғы бергі замандардағы рухани, мәдени, әдеби құнды жәдігерлеріміздің бай екендігі меңзелді.  Мақаланы жазу барысында, аналитикалық талдау әдіс-тәсілдері қолданылды.

Қазақ халқының фольклорының тамыры тым тереңде. Соның ішінде халық өлеңдерінің алар орны бір бөлек. Ғасырлар қойнауында өңделіп, құйрық-жалы кесіліп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен. Өткен ХХ ғасырда қатаң тәртіпті кеңес дәуірінде ұлттық бағыттағы дүниелерге бет бұру оңай болмады. Дегенмен қарапайым бұқара арасында ауыздан ауызға, таңды таңға жалғап айта білетін адамдарды болған. Олар өздеріне жеткен фольклорлық өлеңдерді ел арасында азды-көпті айтқан. Осы орайда бір ғажабы қаншама дәуірлер алмасса да, ұмыт болмай осы күнге дейін келуі – біздің халықтың ұлттық кодтан ажырай қоймағанымыздың ерекше көрінісі деуге болады.

Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана...  – Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды, - деді Елбасы Назарбаев Әбішұлы.

Егер халық прозасын кең ауқымда бағамдай түсетін болсақ, онда ұлтымыздың өн бойындағы рухани құндылықтардың асыл қазына екенін сөзсіз ұғынамыз. Қазақтың бойында данышпандық, шежіреге жетіктігі, суырып салмалығы, ақындығы, сөз тапқырлығы - жалпы барлығы таңғалдырмай қоймасы анық.

 Ғылыми мақалада салыстырмалы типологиялық, образдық талдау әдістері қолданылды. Қазіргі зерттеу салаларында жалпылама шолу ретінде қарастырудан гөрі мәселені тереңірек талдап барып, оқиғаның өн бойына қан жүгірту көзделген. Кез келген талдаулар аналитикалық сараптамалармен өрнектелсе, соғұрлым мәнді келеді.  Неғұрлым этнографиялық элементтерді қосып, жан-жақты тұстан жазылған дүние  одан сайын әрлене түспек. Әрбір ұлттық туыстан шыққан тегі болады. Мәселен, қазақтың да түркі тармағына кіретінін ескерсек, өзімізбен ағайындас қаншама жұрт бар. Олар: татар,  башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек т.с.с. бізде кездесетін фольклорлық өлеңдер аталғандардың көпшілігімен үндес, мәндес боп келеді. Әрбірінің өзіндік қол таңбасы, ерекшелігі болуы мүмкін. Дегенмен бәріне ортақтық – туыстық, түп тамырымыздың бір екендігінде.   

ТАРИХЫ ЖӘНЕ ФОЛЬКЛОРЫ

Егер қазақ фольклордың тарихына зер салып қарар болсаңыз, ғажайып дүниелерге  ұшырасасыз. Онда ұлттың бүткіл бітім-болмысы түгел сақталған деуге болады. Кеңестер кезеңінде КСРО қылышынан қан тамшылап тұрды. ХХ ғасырдың саясаты рухани мәдениетке келгенде қатаң болғанымен, «сол заманда сары майдан қыл суырғандай»,  азды-кемді етіп жинақтаған мамандар болды. Қазақ халық поэзиясын жанрлық, түрлік жағынан А.Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, тағы да басқа ғалымдар ғылыми тұрғыда жүйеледі.

Қазақтың халық өлеңдері сала-сала, серия-серия етіп жарияланып, зерттеліп, баспа бетін көруде. Бізде әрбір өлеңді тектен-текке айтпаған. Ол бір қоғамдағы келеңсіз, әлеуметтік ортадағы саяси теңдіктің болмауы іспетті жағдаяттардан туындаған.

Қарастырылып отырған мақаладағы негізігі зерттеу әдістерінің нысанасы айқын. Ол саяси-әлеуметтік лирика: қара өлең, ән-өлең бағытына арналады. Бұл ретте халықтың мәдениетінде ән-өлеңдердің алар орны ерекше. Ырғақты, әуезді, сарынды осы жерден сезінуге болады.

Фольклор  – синкретті, көп функциялы көп қырлы ғылым. Ал халық өлеңдері - осы ғылымның бір бөлшегі. Фольклордың біршама жанрлары өлеңмен жазылған, өлеңмен өрнектелген. Сол себепті де болар бүгінгі заманға дейін ұмытылмай жеткендігі.  

Халық өлеңдері – ұлттық бітім мен болмыстың асыл арнасы  һәм діңгегі, ажырамас бір бөлігі болғандықтан, дәуір талабына, замана рухына сай жаңғырып отырады. Бұл дегеніміз – зерттеу материалдары мен әдістерінің де осы тақылеттестігін көрсетеді. Сондықтан араларынан ең тұжырымдысын, ең нәрлісін алу және өзге халықтардың тәжірбиесін ескере отырып, зерттеуді ғылым қажет ететіндігіне көз жеткізудеміз.   

Талқылау. Лирикалық өлеңдерде халық өмірінің бар саласы бірдей қамтылған. Мұнда жас адамның жан сезімінен бастап, ірі әлеуметтік оқиғаларға, ел басына  түскен ауыртпалықтардың бәрі-бәрі де қамтылған. Ендігі әңгімеміз қазақтың халық лирикасының осы жағдайда айтқан үш саласы – қара өлең, ән өлең, тарихи өлең туралы болмақ, - депті ғалым Бекмұрат Уахатов. Сөзінің жаны бар. Біздің халқымыздың ән-күйін шертіп қалсаңыз, арғы жағында терең тарих пен сырлар мүлгіп жатады. Сол себепті көптеген ізденушілер осы жағына таңырқай қарайды.

Фольклортанушы ғалым Бекмұрат Уахатов қара өлеңдерге төмендегідей анықтама береді. Онда:

Үстіме бешпет кидім кіл қарадан,

Ілінген інжу-маржан кім қадаған.

Алыстан арып-ашып келгенімде,

Көзіңнен айналайын бір қараған, – деп келетін бас-аяғы тұтас, төрт тармақты, он бір буынды өлеңдерді қара өлең деп атайды.

Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет ғұрпы барынша бай екенін осы өлең жолдарынан аңғарамыз. Мұнда ер адамның алыстан келгендігі, көзіне ілінген қыз туралы баяндалады. Негізінен өлеңдердің көбісі жастық шаққа, қыз бен жігітке қарата айтылатыны анық. Бұнда алдыңғы екі тармағы үндестік ретінде қолданылған. Ал үшінші тармақтағы нақтылы ой «Көзіңнен айналайын бір қараған» деп келетін төртінші жолмен түйінделеді.

Қазақ ілімдарларының арасында «қара өлең» жайында алғашқы пікір білдірушілердің бірегейі Ш.Уәлиханов болатын. Қара өлең жайындағы мәтін:

Аулымның қонған жері жусан ба екен?

Белімді тал жібекпен бусам ба екен?

Кешегі өтіп кеткен жиырма бесті,

Соңынан қос атпенен қусам ба екен?!

Айқайлап ән саламын «қыздар-ау!» – деп,

Артыңа қарамайсың «кім бар-ау?» – деп.

Басыңнан қызыл шарқат ауған күні,

Саныңды бір соғарсың «күндер-ау!» – депті Т.Әлібеков.

Мұндағы қара өлеңде өткенге өкініш пен мұң-шер айтылуда. Сонымен қатар  «қайран жиырма бесті»  аңсау басым. Байқап тұрғанымыздай, қара өлеңде аса күрделі, аса терең мағына көрініс бермейді екен. Қайта жұртқа әсер сыйлау (көңілді, көңілсіз) мақсатында, жеңілдеу боп келеді.

Тегінде қазақ жұрты қара өлеңге жүйрік. «Өлеңді мен айтамын екіленіп, Жалайды қой баласын мекіреніп» деп басталатын екі жол өлеңді айтпайтын қазақ баласы кемде-кем шығар. Халық арасында: «қара өлең – нағашы атам, мен соның жиені едім» дейтін әзіл сөзінің бір шындығы бар.

Мен өзім кішкенеден қаршадаймын,

Бастаған керуенді наршадаймын.

Несіне айтар сөздің кідірейін,

Келгенде қара өлеңге шаршамаймын, – деуі қара өлеңнің ертеден шығарылған, жұртқа таныс, үйреншікті түр екенін және мұны ойын-сауық үстінде өлең айтуға ебі бар екінің бірі орындай алатынын дәлелдейді, - деп пікір білдірген екен Бекмұрат Уахатов.

Ғалым Ахмет Жұбанов халық әндеріне (ән өлеңге) байланысты  тұжырымды ойлар айтқан. Ол: "Қазақ халқы әнге бай. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп, қазақ халқының әдебиеті мен өнерін көп зерттеген, Шоқан Уалихановтың досы Г.Потанин айтқандай, қазақта әнсіз өмір жоқ. «Тойбастар» айтқан жігіт, кешкі ауыл сыртында алтыбақан тепкен қыз-бозбала, шілдехана, күжеткен жас, кәрі, «Жар-жар» айтқан екі топ, елінен еріксіз алысқа ұзатылып бара жатқан қыз... т.б. Бәрі де жәй сөзбен айтқанда жетпейтін сезім тасқынын ән арқылы шығарады.

Біздің даламызды "Құдды ән салып, сол әуенмен бірге тербеліп тұрғандай сезіледі", - деп талай мәрте тамсаныпты шетелдік саяхатшылар. Таңданыс білдіретініндей бар. Өйткені сонау Алтайдан Каспийге, Алатаудан Арқаға дейін тұнып тұрған шежіре, бай жауһарға толы. Әрбір тасы мен тауы, өзені мен көлі, бұтасы мен ағашы киелі. Барлығы көне тарихтың көзіндей көрінеді. 

Ата-бабамыз, жоғарыдай айтып өткеніміздей, ән мен жырға құмар. Әрбір той-жиынның өзін дүрілдетіп өткізгенді жөн санайды. Оған куә ретіндегі дәйектемелерді бұрынғыдан жеткен дастан-жырлардан білеміз. Ең қызығы, қыз айттыру, сырға салу, үйлену, баланың шілдехана, тілашар кездерінің бәрі дүрілдеген той болған. Киіз үйдің маңайына келіп, домбырамен жігіт қызға сөз салған. Керек десеңіз, арасында айтысып, сөз сайысын ұйымдастырған. Сөйтіп, өмір жалғасын таба берген. Көшпенді халықтар үрмелі аспаптарды пайдаланып, көпшілік қауымның көңілін көтерген. Осылайша қым-қуыт тірліктен бір сәт демалуға себепші болған. Ақындар мен жыршылар елге шежіре айтып, өлең жолдарын арнаған. Әрине, мұндай жердің бір ерекшелігі - тарихи оқиғалар мен қисса-дастандар таңды-таңға ұрып айтылатын болған. Қарап, бағамдар болсаңыз, өз халқыңыздың мұралары тамсандырады. Бір жағынан, жас ұрпаққа үлгі-насихат. Тағы бір қырынан айтқанда, өнеге деуге болады. Сөйте-сөйте ән өнері біздің халыққа қалайша дарыған деген жауап өзі-ақ көл бетіне қалқып шығады.

Қазақ халқы өнерге бай жұрт! Ақын да болған, ел басына күн туғанда, батырлары елді қорғап, қан майданға шыққан. Міне, сондықтан текті халықтың ұрпағы екенімізге шүбә жоқ. Бәлкім, дархан көңілді көшпенділердің бай фольклорлық мұрасы алдағы уақыттарда жаһанды таңдандырар. Сол күнге басымыз аман, бауырымыз бүтін жетейік!