Шетелдіктерге жер беру туралы заңды бұзған шенеуніктерге жаза күшейеді

Шетелдіктерге жер беру туралы заңды бұзған шенеуніктерге жаза күшейеді
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беру туралы заңды бұзған шенеуніктердің жазасы күшейеді.

Бұдан былай оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағылады. Сенаторлар тиісті өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Енді шетелдіктердің қатысуымен ашылған компанияларға, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталықтарға, қандастар және шетелдікпен некеге отырғандарға жер беретіндер қатаң тексеріледі. Бұл өзгерістер мал жаю мен егіншілікке арналған алқаптарға да қатысты. Егер жазаға тартылған жауапты тұлғалар, мұндай әрекетке екінші рет барса, онда айыппұл сомасы екі есеге артады. Айта кетерлігі, енді бақылауды жергілікті атқарушы органдар емес, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі жүргізеді. Ведомство мамандары әкімшілік істерді қарап, төлемдерді өндіретін болады.

«Бұл заң жер заңнамасын бұзғаны үшін жекелеген баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікті нақтылауға арналып отыр. Сонымен қатар заң шеңберінде жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін органдардың өкілеттіктерін қайта қарау көзделген. Жаңа нормалар жер учаскесіне құқық беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жерді пайдалану мен қорғауға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз», -  дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.