Шетелдік көлікті заңдастыруға арналған сервис іске қосылды

Шетелдік көлікті заңдастыруға арналған сервис іске қосылды
Сурет: Ашық дереккөз

Сервис жеке тұлғалар үшін 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 1 шілдеге дейін қолжетімді болады

eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильдік қосымшасында шетелден әкелінген көліктерді заңдастыруға арналған сервис іске қосылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға сілтеме жасап.

Сервис жеке тұлғалар үшін 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 1 шілдеге дейін қолжетімді болады.

ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 11 қаңтардағы №13 қаулысына сәйкес, қазақстандықтар Қазақстан Республикасына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді eGov.kz порталының «Автокөлікті заңдастыру үшін тексеру» атты жаңа сервисі арқылы заңдастыра алады. Жаңа сервис тек электрондық өтініш беруге арналған. Өтініш бойынша B (жеңіл автомобильдер) және D1 (микроавтобустар) санатындағы көліктердің келесі талаптарға сай келу-келмеуі тексеріледі:

- көліктің 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі;

- көліктің қандай да бір қылмысқа қатысы болмауы;

- кедендік рәсімдерден түгел өтуі.

Жаңа сервисті Электрондық үкімет порталының басты бетіндегі «Сервистер» бөлімінен және «Көлік және коммуникациялар» - «Автомобиль көлігі» бөлімінен табуға болады. Ал eGov Mobile мобильдік қосымшасында «Жүргізу және көлік» бөліміне кіру қажет.

«Шетелдік автокөліктерді заңдастыру рәсімі екі кезеңде жүреді. Автокөлік иелері алдымен, eGov.kz порталында өтініш беруі қажет, содан кейін автокөлікті тексеру, көлік құралын тексеруден өткізу, тіркеу алымын төлеу және мемлекеттік нөмірді алу үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі керек»,- деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

EGov.kz порталында электрондық өтініш беру үшін көлік иесінен талап етіледі:

- тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде болуы;

- Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы;

- мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелген болуы;

- автокөліктің және көлік құралының бұрынғы иесі туралы барлық қажетті мәліметті толтыруы;

- тексеруге сұрау жіберуі;

- көлік құралын тексеруден өткізу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға электронды кезекті брондауы.

Қызмет көрсету нәтижесі eGov.kz пайдаланушыcының жеке кабинетіне 15 минут ішінде хабарлама ретінде жіберіледі немесе өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелді жауап келеді.

Хабарламаны алғаннан кейін автомобиль иесіне автокөлікті тексеру, көлік құралын тіркеуден өткізу, 200 мың теңге мөлшерінде тіркеу алымын төлеу, мемлекеттік нөмір мен көлік құралының куәлігін алу үшін автоХҚКО жанындағы тексеру пунктеріне көлік құралын ұсыну қажет.

Жаңа сервисті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті мен ҚР Ішкі істер министрлігі бірлесіп жасаған.