Шетелден келген қандай зиянкес?

Шетелден келген қандай зиянкес?
Сурет: Larastock

Бактерияларды зертхана сараптамасының қорытындысы растаған.

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марсұлы шетелден ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге келетін зиянкестерге тосқауыл қою қадамдарын айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

«2021 жылы карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде өсімдіктер карантині саласында 5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде, 392 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін комитет экспорттаушы елдерге карантинге жатқызылған өнімді жеткізу кезінде бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарын бұзу туралы 792 нотификация жіберді», - деді Алмабек Марсұлы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда оның негізгі үлесі Ресейге тиесілі. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан, Иран, Түрікменстан елдері тұр. Соның арасында 168 нотификация карантиндік объектілердің анықталуына байланысты жіберілді. Бұл организмдер республика аумағына әкелу кезінде анықталып отыр, бұл ретте 3 мың тоннадан астам жүк қамтылды.

«2021 жылғы қаңтарда комитет қызанақ және бұрышқа карантиндік бақылау жүргізу кезінде 17 жағдайда Әзірбайжаннан келген және 19 жағдайда Түрікменстаннан келген қызанақтарда қоңыр қатпарлы вирус анықталды. Осыған байланысты Әзірбайжан мен Түрікменстан аумағынан қызанақ әкелуге уақытша тыйым салынып, карантиндік фитосанитариялық іс-шаралар енгізілді», - деді ол.

Комитет басшысының айтуынша, биылғы сәуір айында карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру кезінде Германиядан, Нидерландыдан 228 тонна тұқымдық картоптан, сондай-ақ картоптың «Зебра Чип» карантиндік объектісімен залалданған Франциядан 46,4 килограмм сәбіз тұқымын әкелу тоқтатылды. Бактериялар зертхана сараптамасының қорытындысымен расталды.

«Жоғарыда көрсетілген «Зебра Чип» карантиндік объектісін анықтау фактілері бойынша тиісті карантиндік құжаттар ресімделді. Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзуға қатысты әкімшілік материалдар сот қарауына жіберілді. Сот қаулысында карантинге жатқызылған өнімнің залалданған партиясын тәркілеу және жүк иелеріне әкімшілік айыппұл салу түрінде тиісті шаралар қабылданды», - деді ол.