Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру қашан басталады?

Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру қашан басталады?
Сурет: Ашық дереккөзі

Көліктің елге қай күні кіргізілгенін анықтау жұмысы да автоматтандырылған.

Қазақстанда шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру науқаны әлі де белгісіз. ІІМ өкілдері тиісті қаулы бүгінде Үкіметтің қарауында екенін мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Айта кетсек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесіне байланысты Үкімет жұмысын сынға алып, көпшіліктің әлі күнге дейін ақпаратпен толық қамтамасыз етілмегенін айтты.

ІІМ дерегінше, қазір ел аумағында заңдастыруға жататын автокөліктер саны 300 мыңнан асады. Дені - Ресейден әкелінген. Бұған дейін ресми дереккөздерде Парламенттің Салық кодексіне енгізілген алғашқы түзетулерді қабылдағаны хабарланды. Заңдастыруға жататын көліктерді бастапқы тіркеу үшін төленетін алым 200 мың теңге көлемінде деп белгіленді.

«Қолжетімді болса, тиімді. Шетелден кірген заңды болса, әрине. Ана жақта тіркеуде жоқ, мына жақта да жоқ болып қалса, Үкімет жүргізбей қояды. Жолға шығармайды», – деді қала тұрғыны Арыстанбек Елеусіз.

«Төлем құны 200-250 мың теңге болса, біз үшін үлкен көмек», – деді қала тұрғыны Ринат Қожабергенов

Айта кетсек, іздеуде жүрген немесе толық кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды. Алайда қаңтардың алғашқы күндеріне жоспарланған науқанның басталар шағы әлі де белгісіз.

«Шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша қаулы бүгінгі таңда Үкіметтің қарауында. Үкімет тарапынан қол қойылғаннан кейін, заңды күшіне енген соң, бірінші күннен бастап тіркеу жұмыстары жүргізіле бастайды», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиев.

Құзырлы орган өкілінің сөзінше, шетелдік көліктің елге қай күні кіргізілгенін анықтау жұмысы да автоматтандырылған. Темір тұлпардың шекарадан өткен уақыты ҰҚК Шекара қызметінің деректер базасы бойынша немесе автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша анықталады.

Шетелден кірген көлігін заңдастыру үшін иесі қандай тексеруден өтетіні Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне де әзірге беймәлім.