Шерхан Мұртаза: ТАЛАНТ ПЕН ДАРЫН ТАНА СҮТIНЕН ЕМЕС, АНА СҮТIНЕН ДАРИДЫ

Шерхан Мұртаза: ТАЛАНТ ПЕН ДАРЫН ТАНА СҮТIНЕН ЕМЕС, АНА СҮТIНЕН ДАРИДЫ
https://sn.kz/

Бүгін - Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күні. Шерағаңның  әр жылдардағы ой-толғаныстарын оқырмандар назарына ұсынғанды  жөн көрдiк.

Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкiм,  дүниеде ең  қиыны осы шығар.  Дүние дүние болғалы бұл түйiн әлi шешiлген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейдi. Айтайын десе қорқады. Бiрақ Құдайды қайтедi? Құдай бәрiн көрiп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйрендi.

***

 Қалтай айтады:

– Өркениеттi елдерде адамның  басы менен iсiне қарайды. Бiздiң елде адамның шашы менен тiсiне  қарайды,  – дейдi. – Шашың ағарып кетiптi, тiсiң түсiп қалыпты, айда, кет, дейдi. Ал, басы, ақылы, iсi қандай – бағаламайды.

Осы сотанаққа соққы бергендей, Қалтай қазiр газет басқарып отыр. Онысы орынды...

 ***

Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүниеқоңызбен,  ақшамен  өлшейдi. Көлдiң тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай. Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.

Талант  пен дарын  тана сүтiнен емес, ана сүтiмен дариды.

***

Құдай берген ғой. Қазақстанға байлықты аямай-ақ. Бiрақ алуын айт. Бұйыруын айт.

Майда-шүйде ұры-қарылардан  қазiр  түрме қабырғалары қайысады. Ал iрiлерi ұстатпайды. Ұстауға дәрмен жетпейдi. Мiне, Тәуелсiздiкке ең  қауiптi қасiрет осы.   Газет, сiрә, қоғамдағы осы кеселмен күрес дәстүрiн тоқтатпас.

***

Нострадамустың бiр айтқаны келсе, бiр айтқаны келмейдi. Ал баяғы Мөңке бидiң айтқанының бәрi келiп тұр.

Ала-шұбар тiлден арыла алмадық. Дүдәмалдау дiн деген қаптап кеттi...

***

Бiздiң  ұлттық нигилистер,  өз ұлтын менсiнбейтiндер, өзбектерше айтқанда, «қара ивандар» – өз iшiмiзде жүрген отаршылдар. Тап-таза, саф сана уағыздаушылар емес, ұлттық сананы улаушылар.

 ***

Заман  түзелер, адам түзелсе. Тұрмысымыз оңалар,  ақшамыз да орнығар. Үмiтсiз шайтан деген. Тек адамдар имансыз болмаса екен. Әркiм атақ-дәреже,  мансап дегендi өз бойына, өз ойына, талант-талайына шақтап өлшесе, нысап деген қасиеттi ұғымды ұмытпаса деймiн ғой. Әйтпесе, қазiр көшеде келе жатып, абайламай бiреумен қақтығысып қалсаң, академик болып шығады. Анау да академик, мынау да академик. Үлкен де академик,  кiшi де академик.  Мейлi ғой, қызғанбайық. Бiрақ бұл ғылымдағы инфляция ғой. Осыны неге түсiнбейдi «академиктi» оңды-солды үлестiрушiлер? «Академик» деген атаққа шыннан лайықтымын ба деп бiр сәт неге ойланбайды атақ-дәреже алушылар? Неге көз алдарына Мұхтар Әуезовтi, Қаныш Сәтпаевты елестетпейдi бiр сәтке? Өз шама-шарқын солардың ұлылығымен, даналығымен неге ойша салыстырмайды? Бiле бiлсе, осындай академиктер қорлады ғой ғылымды да, ұлыларды да.

***

Өзiң өлме,  өзгенi де өлтiрме. Мiне, шын демократия. Мiне, шын адамгершiлiк, имандылық! Ал, бұл қасиет, Құдайға шүкiр, қазақта бар.

***

«Қырық жыл қырғын болса да қиыспайды туысқан» деген ғой. Нарық қанша нәһан болсада, ақылды басшы рухани дүниенi аздырмас болар. Рухы азған ел – тозған ел. Ондай елдi қарға-құзғын шоқып кетедi.

***

...Бiзде байлық жоқ, оны, әсiресе, қазiр көбiрек сезiнiп  жүрмiз. Керек десе, әлi күнге дейiн жеке саяжайымыз  да жоқ. Үкiметтiң босағасына таман бiр саяжайымыз болушы едi, оны осы күнгi Iс басқарушы тартып алып, әлдекiмдерге бердi. Мейлi, астанада баспанасыз жүрген мыңдаған қазақтан жанымыз артық емес шығар, әйтеуiр, баспанасыз емеспiз ғой...

***

...Бұл – отансыздық  идеологиясы.  Бұл таптың анасы –  ақша, атасы –  сауда. «Коммерсанттар  үшiн өз туған елi болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан. Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметiп, береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесiне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.