Шамалғандықтардың газ бағасына наразылығы: Жұмыс комиссиясы құрылатын болды

Шамалғандықтардың газ бағасына наразылығы: Жұмыс комиссиясы құрылатын болды
Сурет: Punkt-a.info

25 қаңтарға дейін комиссия атқарылған жұмыс туралы есеп береді.

Алматы облысының Қарасай ауданы, Шамалған ауылдық округі әкімдігінің ғимараты алдына газ тарифіне наразылық білдірген тұрғындар жиналды. Ауыл әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Айта кетейік, бүгінгі күні ауылда табиғи газ үшін тариф текше метрі үшін 34,75 теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде алсақ, Қаскелең қаласындағы газ бағасы текше метрі үшін – 26,89 теңге. Желтоқсан айында газ тұтыну тарифі 1,5-2 есе қымбаттаған.

Қарасай ауданы тұрғындарын газбен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындардың тарифтегі айырмашылығы тұрғындардың наразылығын тудырды. Мәселен, «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-да халық үшін табиғи газ тарифі текше метріне 26-27 теңгені құраса, «Сигма Газ» ЖШС-де – 34 теңге 75 тиын. Аталған ЖШС Қарасай ауданы бойынша Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек және Арай, Дархан саяжайларын көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Абоненттердің жалпы саны – 9906.

Халық наразылығына қатысты түсінік берген аудан әкімдігі тарифтер бойынша жұмыс комиссиясы құрылатынын мәлім етті.

«Газ жеткізушісі тарифті Энергетика министрлігінің №172 «ҚР ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы» бұйрығына негізделе отырып көтерді. Бұл ретте монополияға қарсы ведомствомен келісім тек тасымалдау үшін алынды. Осы фактіні ескере отырып, тұрғындармен жиын барысында аудан әкімдігі, аудан прокуратурасы, Алматы облысы бойынша табиғи монополиялар департаменті және «Сигма Газ» ЖШС тарифінің және қосылу тарифтерінің қалыптасуын тексеру бойынша қоғамдық өкілдерден тұратын жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. 25 қаңтарға дейін комиссия атқарылған жұмыс туралы есеп береді», - деп хабарлады аудан әкімдігінен.