Шалбарға киюге шектеу жоқ

Шалбарға киюге шектеу жоқ
Inform.kz

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі оқушы қыздардың мектепке шалбармен келуіне шектеу қойылғаны туралы мәліметтерді жоққа шығарды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz 

Ведомствоның «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген мәліметінде қыз балалар мектепке юбка немесе шалбар киіп келуі тиіс деген талап қойылмайтыны айтылған.

«Жаңа оқу жылында оқушыларға білім беру ұйымдарына тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде баруына да рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Классикалық стиль матаны, киімнің түсі мен тігісін таңдауда қатаңдықпен, ұстамдылықпен және консерватизммен сипатталады. Қазіргі таңда мектептерде «үсті – ашық түсті», «асты – қара түсті» киімге басымдық беріледі. Қыз балалар мектепке юбка не болмаса шалбар киіп келуі тиіс деген талап қойылмайды», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомство мамандары аталған талаптар бойынша қандай да бір түсінбеушіліктер туындаса арнайы Call-орталықтарға хабарласу керектігін айтады.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін, Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері мен білім басқармалары басшыларының және Call-орталықтарының телефон нөмірлерін жариялаған болатын», - деп жазылған ресми мәліметте.