Шағын мұнай өңдеу зауыттарына талап күшейеді

Шағын мұнай өңдеу зауыттарына талап күшейеді
Сурет: ашық дереккөз

Шағын мұнай өңдеу зауыттарына қойылатын талаптар күшейтіледі.

Бұл жайында таратылған Мәжілістің депутаттарының сауалына Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының ақпараты бойынша, 2022 жылы шағын МӨЗ-дер 840,1 мың тонна мұнай өңдеген. Оның ішінде өндірілетін өнімнің 80 пайыздан астамы мотор отынының талаптарына сәйкес келмейтін және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге экспортталатын мұнай өнімдері болып табылады. Осыған байланысты қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерді ішкі нарыққа одан әрі жеткізу арқылы мотор отынын шығаруды ұлғайтуға ынталандыру қажет. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, шағын МӨЗ-ге қойылатын талаптарды күшейту бойынша заңға түзетулер қабылдау көзделіп отыр», - деді министр жауабында.

Оның атап өтуінше, заңға түзетулер әзірлеуге Энергетика, Ұлттық экономика және Әділет министрліктері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «KAZENERGY» ЗТБ жауапты.

«Осыған байланысты министрлік сұранысқа ие мұнай өнімдерінің түрлерін (мысалы, жиынтығында өнімнің жалпы көлемінің кемінде 45 пайызы бензин, дизель отыны, керосин, битум) міндетті өндіру және МӨЗ сипаттамаларын тиісті сараптамалармен және қорытындылармен растау қажеттілігі бойынша заңға түзетулер дайындады», - деді Болат Ақшолақов.