ШӨЛ

562Сағыныш!

Өткен шақтың бәрі естелік және сағынышта ғой. Жер басып жүрген бір жылдың төлдері – қазіргі біздің құрбы-құрдастарымыз сексенге қарай бет алды. Құдай жеткізсе, өзімнің сексенім бір-екі қырдың арғы жағы. Сөзді сөз, ойды ой түртіп, кей-кейде әрегірек- бере­гіректен оралып қайтатыным бар. Күлемін, күрсінемін. Күлетін себебім, балалық-шалалықтарым көп болды. Күр­сінетінім, өмір жолымда қаншама тығырыққа тірелдім. Жасаған Ие жар болып, ол тығырықтардан бүгінге сүрініп-қабынып аман-есен жеттім. Отағасымын, әкемін, атамын.

Оны-мұны сұрап, қасымда отырған жаңа таныс жігіттің келесі сауал-сұрағы сағынышымды қозғады.

– Ағай, сіз мектепте қалай оқыдыңыз?

– Қай-қай бағаның да көңілін қалдырғаным жоқ. Халықаралық (үштік) баға молшылық болды.

Күлгені ме, білмедім, жаңа таныс жігіт кішкене ысқырып-пысқырып алды да, сауал-сұрағын әрмен қарай жалғастырды.

– Тәртіп жағыңыз?

– Осы бір сұрақ алдымнан ылғи жүгіріп шығып, жыныма тиеді. Болды ғой әртүрлі, әртүсті сарт-сұрт.

– Оқыған мектебіңізге төбе көрсетіп тұрасыз ба?

– Өзіңе бір сұрақ: адам шөлін немен басады, шөлдегенде не ішеді?

– Су.

– Тағы?

– Білмедім.

– Сағыныш та – шөл. Сағынышын кім немен басады?

– Білмедім.

– Менің өзімнің бір сағынышым – сон-а-ау көп қырдың арғы жақ ылдиында қалған балалық-жастық шағым, оқыған мектептерім, ұстаздарым. Осындай сауал-сұрақтар алдымнан шыққанда, көңілді әңгіменің тығыны ашылады. Демалып қаламын. Шөл қандыру дегенім сол.

Жаңа таныс жігіт рұқсат сұрап, сыртқа шығып кетті.

Шөлім әлі қана қойған жоқ, сағынышымды жалғастырайын.

563Алғаш табалдырығын аттаған ауылымдағы бастауыш мектептің бүгінде орны да жоқ. Бірнеше қайтара жаңадан салынды. Жағдайдың қиындығынан бастауыш мектепте мен бір-екі жыл оқи алмай орнымда қалдым. Бесінші класты «Құрылыс» деп аталатын қолхоздағы орталау мектепте оқыдым. Әрман қарай, алтыншы, жетінші класты аудан орталығы – Ырғызда, сегізінші класты – Шымкентте, тоғызыншы класты Есіктегі Молотов атымен аталатын мектеп-интернатта жалғастырдым. Әскерге жасым келіп қалып, содан оқуым ойда жоқта, орта жолда үзілді. Қалған-құтқан оқуымды Шалқар аудандық баспаханасында жұмыс істей жүріп, кешкі жұмысшы-жастар мектебінде жалғастырдым. 1960 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультетіне құжат тапсырып, жолым болды. 1965  жылы журналистік кәсіби мамандығыма кірісіп кеттім. Жұмыс – отбасы жауапкершілігі – пәтерден-пәтер – көшіп-қону – үйдің кезегі (т.б.)  –  қарбалас өмір басталды. Сол қарбалас өмірдің ара-арасында оқыған мектептеріме қайырылып кетіп тұрдым. Құрылыс кейін Калинин атындағы шаруашылық болып қайта құрылып, оны Қияс Сәрсенбаев, Үбіғажып Жұмағалиев сынды адал азаматтар басқарды. Сол тұста екі қабатты мектеп үйі салынды. Ырғыздағы біз оқыған орта мектеп – бүгінде аудандық кітапхана. Жолым түскен сайын оған да қайрылып, оқыған класыма кіріп, шөлімді басып шығамын… Ұзын бойлы, қалың қабақ, талапшыл Алдан Жарылғапов ағайдың дәлізде қарасы көрінгеннен ішке жүгіріп кіріп, орнымыздан атып-атып тұрып қарсы алушы-ек. Алғашқы өлеңімді түзеп, бата бергендей «бәрекелді» деп басын изеген сол ұстазым еді. Өмірден озғанша сәлемімді үзгенім жоқ. Бүгінде Ырғыз маңайында Жаңылма апайдан басқа ұстаз қалмады. Кластас-қатарластарымыз да сиреді!…

Шымкенттегі мен оқыған орта мектеп Кеңестер одағының батыры Қарсыбай Сыпатаев атымен аталады. Кейін естіп білдік, бұл мектепте Бауыржан Момышұлы, Өмірбек Жолдасбеков, Әбділдә Тәжібаевтай тұлғалар оқыған көрінеді. Мектепте түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Соның бірі – әдебиет үйірмесі және бокс секциясы.  Шапай Сүндетов деген жоғары класс оқушысы бокстан жақсы нәтижеге жетіп, мектепке үлкен абырой әкелді. Нәтиже шығарып қарық қылмасам да мен екеуіне де қатыстым. Бір орыс аға келіп, бірде біздің әдебиет үйірмесін суретке түсірді. Мен өлең оқыдым. Сол өлең оқып тұрған суретім «Правда Южного Казахстана» деген газетке шықты /18.01.1953/. Суретке түсірген кісінің аты-жөні В.Захаров. Ол газетті жоғалтып алып, кейін Іздан Мусин деген ініміздің себепкерлігімен Шымкент мұрағатынан таптым.

Бірін үлгірсең, бірін үлгірмейсің – қарбаластың аты – қарбалас қой. Сан сабалаған көп «қап, әттегенайлар» сол қарбаластардың қайырылыс-қалтарысында қалды. Бір «әттегенайы» – Шымкентке неше қайтара жолым түссе де, мектепке бұрылу есіме келмепті. «Құдайыңды ұмытпа» деген мағынадағы бірер жолдастардың сұқ саусақтары қамшы болып, сол әлгі қателігімді қағазға өлеңмен түсіргенім бар. Оқиын.

… Бала достар, Шымкент жақ, Есіктегі,

Наздарыңды айтқан сол есіткелі,

Зыр жүгіріп ыстық қан тұлабойда,

Кетті кеңіп жүректің тесіктері.

 

Бала достар, Шымкент жақ, Есіктегі,

Наздарыңды айтқан сол есіткелі,

Көктем келіп көп қырдың аржағынан,

Көк көйлегін көңіліме шешіп берді.

 

… Қозғады да сол хабар сезімімді,

Саулығымның сұп-сұр бет көзі күлді.

Жыртық көйлек, монтиған сары бала

Өткен шақтан жүгіріп өзі келді.

 

Іштен өнген жылы леп жалап бетті,

Шартараптан келді ұшып бар ақ кептер.

Балалық шақ ыржиып басын изеп,

Қайта-қайта есіктен қарап кетті.

 

Бір түймесін уақыттың басып қалдым –

Шыға келді қалайы қасықтар кіл.

Шыға келді өткен шақ, интернатқа

Темір-терсек ыдыстың тасып бәрін.

 

Шыға келді қалайы тостағаным.

Ернеуінен қос қолдап ұстап алдым.

Мұндай қатты күлмеспін, «экраннан»

Бір көрініп кеткенде күс табаным.        («Іздеу». Үзінді).

Мектеп лицей болып өзгеріп, басқа жерге көшірілгенін ұзынқұлақтан естідік. Сұрастыра келгенде, рас болды. «Сұқ саусақтардан» және әлгі өлең жолдарындағы сезімімнен туындаған ойлар әрмен қарай ұзап, кейінірек оларды қағазға түсіріп, лицей мекен-жайына хат жаздым. Арада көп уақыт өтпей телефон қоңыраулады. Тұтқада әйел дауысы. Ол өзін мен хат жазған «лицейдің директоры Орынкүл Алшынбаева деген боламын» деп таныстырды. Қысқа да, қызық әңгіме болды. Бір шөлімді қандырғаным сол әңгіме!

Кеңес қоғамы тұсында Есік қаласындағы мектеп-интернат екі қабатты үй болатын. Жоғарғы қабаты жатақхана, төменгі қабаты сабақ өтетін класс-кабинеттер еді. Онда қазақ, орыс, ұйғыр, күрд халықтарының және жетім балалар үйінің түлектері оқыды. Мектеп ұжымы кейін жаңа үлгіде салынған ғимаратқа көшті. Қазір Малкеев атындағы қазақ-түрік лицейі.

«Жаңа жақсы болғанымен, көне көзге ыстық» деген бар ғой. Сонау бір жылдары біз сол маңайдан саяжай сатып алдық. Бір күні мектепке жалғыз өзім арнайылап барып, сыртынан қарап біраз уақыт тұрдым. Бірде-бір ұстаз-тәрбиеші, бірде-бір кластас-тағдырластарым көрінбеді. Қоңырау соғылмады. Кіріп-шығып жатқандар басқа адамдар. Көңілім құлазып, сосын жайлап жылжып жүре бердім. Жалғыз мен бе десем, мұндай көңіл-күй сол мектептің түлегі, журналистиканың ардагері Нығметжан Әбеновтің де басында болған екен.

«Алтын ұямыз – мектебімізге жылда барамыз-ау, бірақ, көңіліміз құлазып, салымыз суға кеткендей болып қайтамыз. Екі қабатты еңселі мектебіміз басқа мекемелерге берілген. Еңбектеніп, маңдайымыздан тер төгіп, қол күшімен жасаған спорт алаңы жоқ»  («Біз отыз екіде едік»).

Әңгімеге тиек болған Ырғыз, Шым­кент, Есік мектептеріндегі жағдайларға түсіністікпен қарауға болар. Дәлелді-дәлелсіз түрлі себеп-сылтауларды қаптатып, бұзуға қимайтын, бұзуға болмайтын, бұзбай болмайтын – мектебі, басқасы бар – гүрс-гүрс құлатылып жатқан ғимараттарды  кім қалай түсінеді, кім қалай түсіндіреді? Біздің түсінігімізде, бұл «гүрс-гүрстердің» арғы жағында көбіне «күштінің бір жері диірмен тартады» жатыр… Жарайды, шөлге бұрылайық.

Есіктегі мектеп-интернатта ілгерінді-кейінді оқыған біз қатарлылардың жасы бүгінде жетпіс-сексеннің о жақ-бұ жағы. Арман-мұрат, жастық романтика мектептен кейін әркімді әр жаққа шашып жіберді. Өмір заңдылығы. Алматыдағылардан басқа алыс-жақындағылар рабайда, кездейсоқ кездесіп қалғанда болмаса, араласа алмадық. Оған басты себеп – тағы да сол қарбалас өмір. «Ай көрмесе – ағайын жат, жыл көрмесе – жегжат жат»: бір-бірімізді жыға танымаған да кезіміз болды. Тани қалсақ, оның арғы жағы өзімсінген арсалаң: «Ий, сен қайдан жүрсің?» Әрмен қарай: «Ий, осы ана кім қайда?» «Осы ана кім бар ма?» «Осы Науқан Қордабаевтан ұрпақ қалды ма екен? Байғұс өмірден ерте кетті ғой. Қадыр Мырзалиевтің, тағы бірер ақынның өлеңдеріне ән жазып еді, радиода орындалатын. Кейін естілмей кетті». «Осы ана кім қайда?» кейін тағы жалғасты. Серғазы? Өмен? Сандыбай? Тұманбай? Барқытбай? Рыскелді? Өмірәлі? Нұрсұлу?…

Сиреп қалдық! Көзі бар ұстаз-тәрбиешілер де біреу, екеу… Кеңестер одағының батыры Рахымжан Тоқатаев ұстаз да жасы сексеннен асып, өмірден озды. Қауқылдасқан тағы бір әңгіменің арасында Жанария апай еске түсті. «Осы Жанария апай бар ма екен? Қарағанды, Жезқазған жағында деп еді біреу».

… Ол кезде арнайылап, не бір реті келіп қалғанда болмаса, суретке түсу деген сирек еді. Жақында альбом қарап отырып, екі сурет көзіме түсті. Оның бірі Рыскелді екеуміз түскен сурет. Екіншісінде үш баламыз. Қасымдағы екеудің ат-есімін ұмыттым.

Шимай-шатпағым Есікте де жалғасты. Нем шығып, нем шықпағаны жадымда жоқ – өлең-бір­демелерімді алып, оқта-текте аудандық газет редак­циясына барып тұрдым. Газеттің сол кездегі редак­торы, жасы тоқсанға жақындаған Тастанбеков қазіргі уақытта Қаскелең жағында тұрады деп естідім.

Бұл сезімдер жиналып-жиналып келіп, бір кіші-гірім отырыста шүкір, тәубенің әңгімесін қозғады, ұсыныс-тілектер айтылды. Ол қандай ұсыныс-тілектер?

Біз интернат-пансионды паналаған, жетім балалар үйінде тәрбиеленген, кісі есігінде өскен бір кездегі жыртық көйлек, жарымжан көңіл, жаутаңкөз ұрпақтың өкілдеріміз. Ана қоғамды көрдік, қарттық жасқа жетіп, мына қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сүрініп-қабынып алға ұмтылдық, оқыдық, еңбекке араластық, отбасылы болдық, көктедік, көгердік, көбейдік. Ендеше, неге біз бір мезгіл шүкір, тәубенің әңгімесін өткізбейміз? Бір мезгіл ақ мектепке қайы­рылып, өмірден озған ұстаздар мен кластас-қатарластарға неге құран бағыштамаймыз? Қолдарында сотка, мінгендері иномарка –  қазіргі ұрпаққа неге сонау бит, бүрге, қандала талаған өмірден әңгіме айтып бермейміз? «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесіннің» тұспалы және бар – неге естеліктер айтпасқа?…

Бұл ұсыныс-тілектерді кеңейтіп, мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігін хат арқылы хабардар еттім. Арада көп уақыт өтпей аудан әкімінің орынбасары Бекет Төлегенұлы Ахметов қол қойған көңілді хат келді. О жақ-бұ жақ боп ақылдаса келе кездесу уақыты мамыр, маусым айларының біріне ұйғарылды. Қадірлі замандастар, келіңіздер, сағы­нышымызды, шөлімізді басайық. Білім берген, балалық-шалалығымызды кешірген қасиетті ақ мектепке тағзым етейік.

Үмбетбай УАЙДИН.

 Менің өзімнің бір сағыны­шым – сон-а-ау көп қырдың арғы жақ ылдиын­да қалған балалық-жастық шағым, оқыған мектеп­терім, ұстаз­дарым.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *