Еңбек министрі Әлеуметтік кодексті әзірлеу тәсілдері туралы хабардар етті

Еңбек министрі Әлеуметтік кодексті әзірлеу тәсілдері туралы хабардар етті
Сурет:Gov.kz

Онда өмірдің түрлі кезеңдерінде, өмірлік жағдайға байланысты көрсетілетін әлеуметтік қорғау және қолдау шараларының барлық кешені жүйелендірілетін болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуінде Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін сапалы жақсартуға бағытталған Әлеуметтік кодексті әзірлеу үшін қалыптастырылған негізгі тәсілдер туралы айтып берді, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

Серік Шәпкенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбекмині Әлеуметтік кодексті әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салды.

«Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасы әзірленді, онда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін сапалы жақсартуға бағытталған негізгі тәсілдер қалыптастырылды», – деп хабарлады министр.

Еңбекмині басшысының айтуынша, Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасында:

- әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту (азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру; мұқтаж отбасыларды әлеуметтік қолдау институтын дамыту; халықтың әлеуметтік әл-ауқат индексін енгізу);

- азаматтарды әлеуметтік қолдауды жаңғырту (Әлеуметтік қамсыздандырудың халықаралық ең төменгі нормаларынан кем емес деңгейде әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету; әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыруды енгізу);

- әлеуметтік стандарттарды ұсынудың интеграцияланған моделін енгізу («Цифрлық әлеуметтік картаны» енгізу; әлеуметтік саланың бағыттары бойынша алдын алу шараларын қабылдау);

- Мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және олардың реинжинирингі (өтініш беруден проактивті қызмет көрсетуге көшу; сырттай куәландыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету процестерін автоматтандыру);

- әлеуметтік институттарды реформалау көзделеді (зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі функцияларды бере отырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры базасында Мемлекеттік әлеуметтік қор құру; әлеуметтік саланың қаржы ағындарын (РБ және бюджеттен тыс қорлар қаражатын) шоғырландыру).

 

«Әлеуметтік кодексті қабылдау келешекте азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға; әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын қабылдауға; азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Серік Шәпкенов.