Серпілістің жаңа стандарттары жаңа дәуірге жол ашады

Серпілістің жаңа стандарттары жаңа дәуірге жол ашады
Сурет: Еgemen.kz

Мемлекет басшысы  биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты  Жолдауында жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажеттігін атап өткен еді.

«Бұл қадам бізге әр азаматымыздың әл-ауқатын арттыру және бүкіл елімізді өркендету жолындағы ортақ жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді», – деген ол билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуы қажеттігін қадап айтты.

«Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.  Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім»,– деп, биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді, ал Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді  және қайта сайлануға тыйым салуды ұсынған болатын.

Бұл бастаманың негізіне келсек, Қасым–Жомарт Тоқаев  тұжырымдағандай,  бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етпек. Яғни, бұл конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтатындықтан да президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізу ұсынылып отыр.

«Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтамасыз етудің өркениетті қағидаттарын бекітуге тиіспіз. Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады. Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады. Елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады. Жаңарған Ата заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізеді.

Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады. Жалпы, конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп, аяқтау қажет.  Бұл өзгерістер саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді»,– деген болатын Президент.

16 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер  мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын қабылдады.

Халық қалаулылары  қабылдаған саяси реформалар пакеті еліміздің  саяси жүйесіндегі серпілісті аңғартады, Қазақстан тың демократиялық үрдіске бағыт алды. Бұл үрдіс бойынша ел  Президенті ендігі жерде бір мерзімге қайта сайлану құқығынсыз сайланады.Тағы бір  жаңалық, Конституциялық сот судьяларының өкілетті  мерзімі президенттік және парламенттік өкілет мерзімдерінен ұзақтау болады.         

Бұл ретте ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин  пайымдағандай, Парламенттің бірлескен отырысында қабылданған Конституцияға енгізілген өзгертулер саяси жүйенің болжамдылығы  мен орнықтылығын қамтамасыз етпек.

«Бүгін Парламент қабылдаған саяси реформалардың пакеті Қазақстанның жаңа демократиялық модельге көшкенін білдіреді. Бұл модельде Президент бір мерзімге қайта сайлану құқығынсыз сайланады. Оның үстіне бұл норма өзгеріссіз қалады және қайта қарауға мүмкін болмайды. Бұл реформалардың пакетін бұрын іске асырылған конституциялық реформамен бірге қарау қажет: жаңа Конституциялық сот институты құрылды; бір мезгілде Парламенттің өкілеттігі кеңейіп, Президенттің өкілеті қысқартылды; аралас сайлау жүйесі енгізіліп, партияларды тіркеу рәсімі оңайлады; өңірлердің дербестігі күшеймек», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші өзінің телеграм каналында.

Демек, қоғам жаңа демократиялық үлгі бойынша Әділетті Қазақстанға қарай алғашқы қадамын жасады. Елімізде басталған жаңа саяси дәуірге сәттілік тілейік!