Сенатор ауыл тұрғындары емделу үшін қалаға баруға мәжбүр екенін айтты

Сенатор ауыл тұрғындары емделу үшін қалаға баруға мәжбүр екенін айтты
Сурет: Maqat-tynysy.kz

Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мәселелерін Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Амангелді Толамисов көтерді.

Сенатордың пікірінше, ауылдық медициналық мекемелердің барлық проблемалары елдегі емханалар мен ауруханалардың дұрыс қаржыландырылмауының салдарынан болып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жыл сайынғы бюджетті бекіту кезінде Үкімет 2021 жылғы нақты тапшылықпен нақты шығындар бойынша есептеулер жүргізген, айқын тапшылықтар байқалады. Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігі де, ӘМСҚ да осы уақытқа дейін бұл қаражаттың ұлғаюына қол жеткізген жоқ. Соның салдарынан осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруда күрделі жағдай қалыптасты. Бастапқыда міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетуге бөлінген қаражат көлемі 2022 жылы медициналық ұйымдар мәлімдегеннің 70-77%-ын құрады. Қазіргі жағдайда денсаулық сақтау ұйымдары еңбекақы төлеу бойынша, салықты уақытылы төлеуде, дәрі-дәрмек пен азық-түлік сатып алуда, коммуналдық қызметтерді төлеуде қиындықтарға тап болуда», -  деп атап өтті Амангелді Толамисов.

Сенатор денсаулық сақтау саласындағы ауылдық емханалардың техникалық жарақтандырылуын да өзекті мәселе екенін атап өтті. Аудандық медицина ұйымдарының теңгеріміндегі автокөліктердің 80%-ы техникалық жағынан ескірген.

«Ауылдық жердегі көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімсіздігі мен мамандардың тапшылығынан ауыл халқы жаппай ағайын-туыс жағалап, қалаға келіп емделуге мәжбүр болып жүр. Осы орайда, амбулаториялардың, акушерлік пункттер бойынша, жедел жәрдем көліктері бойынша, жалпы, алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесін жақсарту бойынша Үкімет жедел шаралар қабылдау керек деп есептеймін», - деп атап өтті ол.