Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жеңіс күнімен құттықтады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жеңіс күнімен құттықтады
Сурет: Inform.kz

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz хабарлайды Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Сенат спикері содан кейін ұлтымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының ескерткішіне арнайы барды.

«Бәукең – қазақ үшін ерлік пен өрліктің символы. Аты аңызға айналған батырдың тұлғасын біз қашанда ардақ тұтамыз. Еңселі елдік – ерен ерліктің нәтижесі. Сондықтан аталарымыз бен әкелеріміздің даңқты жолын әрдайым ұлықтау – біздің перзенттік борышымыз. Сол себепті таяуда ғана Мемлекет басшысы ерлігі уақытында ескерілмеген батырлар Төлеуғали Әбдібековке, Александр Несмияновқа және Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтірудің жарқын көрінісі.

Бейбітшілік пен береке-бірліктің қадірін арттыратын мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін! Әрдайым қастерлі Тәуелсіздігімізді бағалай білейік. Жеңіс күні құтты болсын!», - деп жазды М.Әшімбаев Facebook-те.