Сен де қуан, балақай!

Сен де қуан, балақай!
almaty-akshamy.k

Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері де Халықаралық балаларды қорғау күнінде қайырымдылық іс-шараларымен қаламыздың жас тұрғындарын қуантты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz..

Қала өміріндегі қоғамдық істерге белсенді түрде атсалысып, әлеуметтік ахуалға көбірек көңіл бөлетін комиссия мүшелері балаларға шуақты сәт сыйлайтын мереке күні денсаулықтарына байланысты өздерінің замандастарымен тең жүріп, тең күле алмайтын дамуларында кемшіліктері бар мүмкіндігі шектеулі  балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қаламыздың сегіз ауданынан жиналған 70-ке жуық балалар мен олардың ата-аналарын «Жұлдыз» мейрамханасында сүйікті ертегілері мен мультфильмдерінің кейіпкерлері, жас өнерпаздар қарсы алып, оларды бір сәтке болса да қуаныш бағына жетеледі. Балалар ән тыңдап, ертегі кейіпкерлерімен сырласып, бидің тамаша әуеніне елтіп, кезегінде өз өнерлерін де ортаға салып, замандастарымен қауышып, мәз-мейрам болды.

Мерекелік іс -шараға жиналған балаларды Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі хатшысы Гүлнара Әмірова құттықтап, қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалып жатқан қамқорлықтарға, олардың дамуы мен денсаулығын жақсарту барысында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, осы игіліктердің барлығы балалардың бақыты үшін жасалып жатқанын, Алматы қаласының тең мүмкіндіктер қаласы екендігін атап өтті. Бауыр еті балаларының басына түскен ауыртпалықты мойымай арқалап жүрген ата -аналарға алғыс айтып, төзімділік тіледі. 

Мерекелік іс шара барысында балаларға олардың дамуына септігі тиер ойыншықтар, кітаптар, бояу дәптерлер сыйға тартылды. Жақсылық пен мейірімділікті ажырата білетін бала көңіл «Жұлдыз» мейрамханасының басшысы Сәуле Сүлейменова апайлары жайған дәмді дастархан мен Сана Жандай апайлары таңдап әкелген сыйлықтарға ризашылықтарын білдірді. Ата-аналар  мүмкіндігі шектеулі балаларын назардан тыс қалдырмай қуаныш сыйлай білген комиссия мүшелеріне, осы шараға демеушілік жасаған « Жұлдыз», Алматы кілем,  «ADANAS» ЖШС, «Алатау» медицциналық-әлеуметтік орталығына, «Гүлден сауда» және Қазақстан медиа желісі басшыларына алғыстарын білдірді.