Семейде банан өседі

Семейде банан өседі
Cурет: Aikyn.kz

Банан мектептің жылыжайында өсірілген

Жері негізінен шөлейтті саналатын Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылындағы мектептің жылыжайында тропикалық жемістер өсірілуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Айқын» басылымына сілтеме жасап.

Қымызымен танымал ауданға банан, анар, лимон мен мандаринді осыдан бес жыл бұрын мектеп директорының өзі әкеліп, отырғызған екен. Бастапқы екі жылда көшеттер мектеп дәлізінде тұрғандықтан, өсімі баяулағанымен, кейін жылыжайға ауыстырғаннан соң біртіндеп өнім бере бастапты. 

«Алғаш әкелген кезде банан үш-төрт жылда жеміс береді дегенге сенбегенбіз. Енді көзіміз жетті. Бұл өсімдіктерге ең бастысы жылу керек. Жапырағы жайылып өсетін банан ағашына болашақта арнайы, бөлек орын қажет», – дейді мектеп директоры Анар Сәдібекова.

Мектеп басшылығы алдағы уақытта жылыжайды ұлғайтуды жоспарлап отыр. Себебі мұнда тропикалық жемістермен қатар раушан гүлі мен қияр да өседі.