Семейде «Өлімнен де күшті» монументінде акция ұйымдастырылды

Семейде «Өлімнен де күшті» монументінде акция ұйымдастырылды
сурет: ШҚО әкімдігі

Жұртшылық монументке гүл шоқтарын қойды.

Семейде ядролық сынақтардың құрбандары мен Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл 1949 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан КСРО кезіндегі ең ірі полигондардың бірі еді. 1989 жылға дейін кемі 468 сынақ жасалған. Сынақ жүргізу барысында жер бетінде, жер астында және ауада 616 ядролық құрылғы жарылған. Соңғы жарылыс 1989 жылы 19 тамызда болды. Сол кезде бүкіл әлем бойынша миллиондаған сынақ құрбандарын біріктірген «Невада-Семей» қозғалысы құрылды.
Бүгін Семей қаласында «Өлімнен де күшті» монументінде митинг ұйымдастырылды. Онда қозғалыс белсенділері мен жұртшылық өкілдері монументке гүл шоқтарын қойып, Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған жарылыстан қаза тапқандар мен ядролық полигонның құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл іс-шараға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов полигонды жабу туралы шешім – Елбасы жасаған теңдессіз қадам болғанын және Жаңа дәуір – «Бейбіт атом» дәуірі басталғанын айтты.

Бұл еліміздің егемендігін айқындайтын және Тәуелсіздігіміздің қалыптасу кезеңінің басындағы маңызды шешім болды. Тарихи жарлық пен Семейдегі ядролық полигонның жабылуы - Ел Тәуелсіздігі жарияланған тұстағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Бұдан былай полигонда жарылыс болмайды. Бірақ ол жерде тиісті жұмыстар атқарыла береді. Мәселен, онда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға мүмкіндік мол, - деді ШҚО әкімі.

Аймақ басшысы бүгінде жабық полигон базасында жұмыс істейтін Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта мүлдем басқа сипаттағы зерттеулер жүргізіліп жатқанын, ондағы ғалымдар әскери және қорғаныс өнеркәсібіне ешқандай қатысы жоқ бірқатар перспективалы және ең бастысы пайдалы жобаны іске асырғанын атап өтті. 
Бұдан бөлек 2008 жылы мұнда полигонның ластанған учаскелеріне адамдардың, малдың кіруіне жол бермеу мақсатында инженерлік қорғау құрылыстарын салу жұмыстары басталды.