Сейсмикалық сауат қажет

Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. 1910 жылы болған ірі жер сілкінісінен қалада көптеген үйлер қирап, қаншама адам зардап шеккені тарихтан белгілі. 1987 жылғы жер дүмпуін де алматылықтар ұмыта қойған жоқ. Ғалымдар алдағы уақытта қалада ірі жер сілкінісі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ондай жағдайда қала зілзалаға дайын ба? Ғимараттар жер дүмпуіне шыдас бере ме? Алдын алу шаралары қандай деңгейде?

Жасыратыны жоқ, біз Қазақстанның 9 балдық белсенділігі бар сейсмикалық өңірінде өмір сүріп жатырмыз. Аса жойқын жер сілкінісі орын ала қалған жағдайда, небәрі 45 секундта қала жалынға оранады. Себебі, кем дегенде 250 жанармай бекетінің жарылу қаупі бар. Миллиардтаған шығынды айтпағанның өзінде ел арасында үрей, қорқыныш, дүрбелең туындайды. Төтенше жағдайлар министрлігінің 300 мыңға жуық адам шығыны болады деп болжағаны бар. Соған сәйкес, бауырластар зираты да салынған. «Төтенше жағдай министрлігі барлық жағдайға дайын болуға тиіс. Егер жойқын жер сілкінісі болса, құрбандарды жерлеудің өзі үлкен проблемаға айналады. Оның үстіне, Алматының айналасындағы жерлердің көбі сатылып кеткен, жекеменшікке айналған. Мәйіттерді біреудің жеріне көме алмаймыз. Сондықтан әкімдіктен арнайы жер бөлдіріп, оны ешқандай жекеменшікке өткізбеуді қарастырғанбыз. «Бауырластар зираты» дегенге көпшілік үрейленіп жатады, бірақ бұл – заңды нәрсе. Сондықтан шошынудың керегі жоқ, түсіністікпен қарағанымыз жөн», – дейді Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет еткен полковник Асқар Майлыбаев.

Сарапшылардың болжамынша, 8,5 балдық жер сілкінісі 450 мың адамның баспанасыз қалуына әкеліп соқтыруы ықтимал. Себебі, ғимараттар мен құрылыстардың 70 пайызы бұзылады, қала аумағының 50 пайызы үйіндіге айналады. ТЖМ мамандарының есебінше, шамамен, Әуезов, Бостандық және Түрксіб аудандарында күрделі жағдай орын алады. Жалпы материалдық шығын 15 млрд. доллардан асуы ғажап емес. Сонымен қатар үш мың шақырым газ құбыры істен шығып, жылу орталықтары, электр желілері зақымдалады. Шаһарға 10 тәуліктен аса электр беру тоқтатылып, халықты жылумен қамтамасыз ету мүмкін болмайды. Соның салдарынан ауызсу мен азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін. Себебі, қалаға көмек кіре алмайды. Үйінділер мен пайда болған жарықтар салдарынан көлік қозғалысы шектеледі. Өрт сөндіру де қиындық тудырады. Өрт гидранттарының көп бөлігі істен шығуы мүмкін. Оларды сумен қамту қиындайды. Алматының өрт сөндіру бөлімшелерінің көпшілігі 1950-1960 жылдары салынған ескі ғимараттарда орналасқан. Жерасты дүмпуі кезінде олардың құлап кетуі ықтимал. Былайша айтқанда, апаттан кейінгі алғашқы екі-үш тәулікте алматылықтардың біреудің көмегіне сенбеуі керек. ТЖМ барлығына үйде, кеңседе тамақ пен су қоры бар «дабыл чемоданын» ұстауға кеңес беріп отыр. Бұл болжамды Төтенше жағдайлар министрлігі Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп жасаған.

– Біздің ескі үйлеріміз магнитудасы жеті балдан жоғары жер сілкінісіне төтеп бере алмайды. Егер қазіргі заманғы құрылыс туралы айтатын болсақ, оның да қауіпсіздігіне кепілдік жоқ. Оның үстіне, қала қатты өсті, оған облыстың жақын аудандары қосылды. Құрылыс қарқынды жүргізілуде, биік үйлер салынуда. Әлемде жер тапшылығына байланысты биіктік принципі қолданылады. Бірақ сейсмоқауіпті өңірде биік үйлер салу дұрыс емес, – дейді құрылыс саласының маманы Балтабек Дүйсенов.

Қайбір жылдары Алматыға жапон ғалымдары келіп, қалада бой көтерген ғимараттарға зерттеу жасаған. Сол кезде күншығыс елінің мамандары апаттың алдын алу мақсатында қаладағы ескі ғимараттарды сейсмикалық жағынан беріктендіріп, тозығы жеткен коммуникация жүйелерін тез арада ауыстыру қажеттігін жеткізген. Негізінен, қала бойынша салынған құрылыстардың дені 60-жылдары салынған. Мұндай ескі ғимараттар жер тербелісі кезінде ең бірінші қирайтын көрінеді. Осы орайда, жапон ғалымдары Қытай елінде болған жер сілкінісі Алматыда орын алса, ғимараттардың 30 пайызы қирауы мүмкін деген де болжам жасаған.

Соңғы кездері қаладағы көптеген тұрғын үйлердің астыңғы қабаты мекемелерге, дүкендерге, түрлі қызмет орындарына айналған. Сондай-ақ, тұрғындар да балкондарын бөлмелеріне қосып алып немесе ішкі бөлмеаралық құрылыстарын жиі өзгертіп жатады. Ал мамандардың айтуынша, мұндай қайта жобалау әдістері өте қауіпті. Сондықтан пәтер ішіне құрылыс жүргізгенде, қабырғаларды бұзып, есік-терезе шығарғанда барынша сақ болған жөн. Құрылыс заңдылықтарын бұзбау – шарт. Себебі, бұл өзге емес, өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет.

 

Есте жүрер жайт

Жер сілкінісі жағдайында зардап шеккендерді жинау пункттерін әрбір қала тұрғыны білуге тиіс. Алматы қаласы ТЖ департаментінің сайтында 220 нысанның тізімі бар, жақында ол айтарлықтай кеңейеді. Пункттер бүкіл қала бойынша мектептер, лицейлер және балабақшалар базасында құрылатын болады. Олар тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Қала билігі әлеуметтік маңызы бар нысандарды паспорттауды және сейсмикалық нығайтуды бастады. Мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жер сілкінісі болған жағдайда баспанасыз қалған алматылықтарды қабылдай алады. Жер сілкінісі жағдайында Алматының құтқару қызметі жинау пункттерінің аумағында шатырлы лагерьлер тігеді. Бірінші кезекте орындар балаларға, әйелдерге, қарт адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға беріліп, медициналық көмек көрсетіледі. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының базасында құрылған Азаматтық қорғау қызметі зардап шеккендерді тамақпен қамтамасыз етуді өз мойнына алады. 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет нөмірінен басқа, зардап шеккендерден қоңыраулар 278-20-83 және 278-20-84 нөмірлері бойынша қабылданады.

 

Шетелдік тәжірибе

Жапония елі Тынық мұхитының маңында орналасқан.

Онда жыл сайын 1500-2000-ға дейін жерасты дүмпулері сезіледі. Жапония билігі жер сілкінісі мен цунами сияқты табиғи апаттарға төтеп берудің тиімді жүйесін құрған. Жер сілкінісіне дайындық технологиясы ондаған жылдар бойы қалыптасқан. Мәселен, пойыз жүйелері жердің алғашқы тербелістерін анықтағаннан кейін жедел тоқтатылады. Бұл пойыз апаттарының алдын алуға мүмкіндік береді. Барлық смартфондар табиғи апат жағдайында жылдам ескерту жүйесімен жабдықталған. Яғни, жер сілкінісі алдында хабарландыру таратылады. Құлақтандыру жүйесі бүкіл ел бойынша орнатылған 1200-ден астам сейсмостанцияның деректеріне сүйенеді. Жапон билігі табиғи құбылыстарды зерттеуге және табиғи апаттарды болжауға барынша күш салады. Құрылыс ережелеріне сәйкес, Жапониядағы ғимараттар тоғыз балдық жер сілкінісіне төтеп беруі керек.

 

Сіз не дейсіз?

Балтабек ДҮЙСЕНОВ,  құрылыс саласының маманы:

Құрылыс министрлігі қажет

Осыдан біраз бұрын Жапонияда ірі жер сілкінісі орын алды. Оның артынан цунами жүрді. Бірақ ондағы нысандардың көпшілігі апатқа төтеп берді. Зәулім ғимараттар зілзалаға да, цунамиге де шыдады. Неге бізге де олардың жақсы жағын алып, құрылыс нысандарының сейсмикалық нормаларын өзімізде тәжірибе ретінде енгізбеске? Шыны керек, біздегі салынып жатқан құрылыс нысандарының көпшілігі осал, сапасыз. Өкінішке қарай, Алматыда кейбір үйлердің шатырлары жер сілкінбей-ақ, қатты желдің өзінен ұшып кетіп жатыр. Әрине, қағаз жүзінде барлығы дұрыс, сейсмикалық қауіптілігі төңірегіндегі құжаттары қолында бар, ал іс жүзінде жағдай алаңдатарлық. Кезінде көптеген құрылыс компаниялары тек пайда табу мақсатымен ғана құрылып, кейіннен олардың орнын сипап қалдық. Негізі, сейсмикалық аймақта ірі құрылыс нысанын салар кезде міндетті түрде ғалымдардың ой-пікірімен санасып отыру қажет. Бұрын елімізде Құрылыс министрлігі және оның ішінде құрылыс сапасын бақылайтын арнайы комитет болушы еді. Міне, соны қайта жолға қоюымыз керек.

 

Бақытжан ҚАЛМАХАНҰЛЫ, Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, Азаматтық қорғау майоры:

Әрбір үйде бункер салынуға тиіс

Өкінішке қарай, қазір төтенше жағдайдың алдын алып, оған тиянақты дайындалуға тиісті мекемелердің шамасы жететіні күмәнді. Сондықтан әр адам сақтық жағын ойластыруы керек. Жойқын зілзаладан бас сауғалау үшін әр үйде бункер салынуға тиіс. Ол мықты темірден жасалынып, ішінде су, құжаттар, тағамдар, ақша болуы қажет. Халықтың ең қымбат заттары сонда сақталынғаны жөн. Эколог Мэлс Елеусізов ағамыз кезінде осыны жиі айтушы еді. Бұл ретте төтеншеліктер мұндай кезде қиындықтан қалай шығу керектігін, қандай қарекет жасау қажеттігін халыққа түсіндіргені жөн. Үгіт-насихат жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырған дұрыс. Дамыған шетелдерде жер сілкінісі туралы азаматтардың ұялы телефонына алдын ала смс хабарлар келеді екен. «Қазір 15 минуттан соң пәленбай балдық жер сілкінісі болады, далаға қауіпсіз жерге шығуларыңызды сұраймыз» деген секілді. Ондай хабар бір емес, бірнеше рет келеді. 10 минут қалғанда, 5 минут қалғанда да сондай ескерту жасалып отырады. Бұл – халықты алдын ала ақпараттандыру. Бізге де осыны жолға қою қажет. Жауапкершілік болмай, қауіптің алдын алу қиын.

 

Баубек ЕСЕНБЕКОВ, қала тұрғыны:

Нысандар беріктігін арттырған жөн

Жер сілкінісін толық болжау әзірге мүмкін емес. Ғылым ондай жетістікке жете қойған жоқ. Жапондықтар сәл-пәл болса да, алдын ала хабарлама бере алатындай мүмкіндікке ие. Екіншіден, бізде бұл мәселеге билік тарапынан бөлінетін көңіл, бөлінетін қаржы өте төмен. Сондықтан зілзалаға дайындық  жеткілікті деңгейде емес. Ресурстардың төмендігіне қоса, жасыратыны жоқ, елімізде жалпы ғылымға көңіл бөлу жеткіліксіз. Бірақ, Құдай сақтасын, Алматы өңірінде не басқа жерде қатты зілзала бола қалса, зардабы оңай болмасы айдан анық. Өйткені кейінгі кезде салынып жатқан құрылыстардың сапасы тым төмен. Адам жер сілкінісінің өзінен емес, соған шыдас бермейтін ғимараттар салдарынан зардап шегеді. Сондықтан табиғи апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстардың бастысы ғимарат атаулының сейсмикалық қатерлерге төзімділігін арттыру болуы қажет. Ең алдымен, мектеп, балабақша, аурухана сияқты нысандардың беріктігін қамтамасыз ету мен тұрғындарды сауаттандыру керек.

 

Серік ЖҰМАБАЕВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *