Сақтандыру қорынан жыл басынан бері 131,8 млрд теңге төленді

Сақтандыру қорынан  жыл басынан бері 131,8 млрд теңге төленді
Сурет: Almaty.tv

Бұл биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығындағы мәлімет.

Жылдың басынан бері 725 мыңға жуық адам МӘСҚ-тан төлем алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар саны 5,7 млн адамды құрады, түскен әлеуметтік аударымдар мен өсімпұлдар сомасы 126,5 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде шамамен 725 мың адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жалпы сомасы 131,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемдер алған.

Осы кезеңге дейін МӘСҚ-тан мынадай төлемдер жүзеге асырылды:

- бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді 60,7 млрд теңге сомасына 430 862 адам алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59% - ға артық;

- жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді 45,1 млрд теңге сомасына 92 739 адам алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға артық;

- 64 440 адам 7,8 млрд теңге сомасына жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық;

- асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді 51 749 адам 7,2 млрд теңге сомасына алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артық;

- еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда 85 343 адам 11,1 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлем алды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11%-ға артық.