Сақ қызы рахитпен ауырғаны анықталды

Сақ қызы рахитпен ауырғаны анықталды
Cурет: Egemen.kz

Ол мал шаруашылығымен айналысатын халықтан шыққан

Ресей Ғылым академиясына қарасты Материалдық мәдениет тарихы институтының ғалымдары сақ қызында D дәрумені жетіспеушілігі болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ғалымдардың мәліметінше, скиф қызы көне темір дәуірінде өмір сүрген. Зерттеушілер баланың мумияланған қалдықтарын микрофокусты рентгенографияның көмегімен зерттеп шыққан. Бастапқыда қаңқа сүйек жасөспірім ұл балаға тиесілі деп саналған, өйткені оның жанынан жебесі бар садақ пен пышақ табылған. ДНК талдамасы мен бас сүйегінің суреттері бұл жеті жастағы қыз бала екенін көрсетіпті. Ол мал шаруашылығымен айналысатын халықтан шыққан әрі қол еңбегін жасап, атқа ерте жастан отырған.

Сондай-ақ ғалымдар сүйекті зерттей келе бала өлер алдында сырқаттанып, аштық көргенін анықтапты. Оған қоса рахит ауруының белгілері анықталған, D дәрумені жетіспеушілігінен сүйектердің сынғыштығы мен деформациясы жоғарылаған. Қыз негізінен өсімдік тағамдарын жеп, ет пен сүтті тұтынбаған. Алайда, тағамның жетіспеушілігі оның кедей отбасыдан шыққанын білдірмейді, дейді ғалымдар, бұл оның жасына немесе жынысына байланысты болуы мүмкін.