САҚТАНСАҢ  ҒАНА  САҚТАЙДЫ

САҚТАНСАҢ  ҒАНА  САҚТАЙДЫ
almaty-akshamy.kz

немесе  БІЗГЕ ТӘН БЕЙҚАМДЫҚ

 

COVID - 19 кеселінің беті қайтар түрі жоқ. Қайта үдеп бара жатқандай. Статистика да көңіл көншітпейді. Екі күн бұрын ауру жұқтырғандар саны антирекорд жасап 103 болды деп еді, бүгін 130 дан асыпты. Алматыда. Біз сонда да бейқамбыз. Бүкіл әлем барын салып күресіп жатыр бұл індетпен. Ал біздің қолымыз той-томалақтан босамай жатыр. Онымен қоймай әлеуметтік желіде «Ұшақпен у шашып жатыр..» «Екпеден кейін екі-ақ жыл өмір қалады екен..» деген байбалам шығып жатыр. Бұл қалай?.

 Бейқамдық бізге ғана тән бе деймін. Ең жақын жандарымыз бақилық болмай, сенбейміз ғой тағы. Кімнен сұрасаң да, біреуінің жақын туысы, біреуінің сыныптасы, енді біреуінің қызметтесі немесе курстасы кеткен. Енді екпе алдың ба десең, әзір ауырмағанын айтады тағы. Ау, екпе деген сол аурудың алдын алу емес пе? Біздің халықтың асықпайтынын мамандар да айтып отыр.

Алатау ауданындағы  N29 қалалық емхананың медбикесі Айгүл.С:

  • Жаз айынан қалада жаппай тегін екпе салу басталды. Біздің емханаға да вакцинаның төрт түрі бөлініп, тұрғындардың екпе алуына бар мүмкіндік жасалды. Учаскелік дәрігерлер өз учаскесінің тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Негізі, екпе жасату азаматтардың өз қалауынша, мәжбүрлеу жоқ. Бір байқағаным, өзге ұлттар емханаға келіп, кеңес алып, вакцина таңдап, көзі жеткендері екпе жасатып жатса, біздің қандастар жұмыстан талап етіп жатыр, жол жүру керек еді деп келеді.

Міне, осылай. Ащы да болса шындық. Дамып кеткен, алға ұзап кеткен елдер айқайлап айтып жатыр. Ғаламдық індеттің бетін қайтару вакцинация деп. Вакцинация және сақтық шаралары деп. «Сақтансаң, сақтармын» деген де бар. Сақтанайық. Сол екпе мен сақтықтан басқа тығырықтан шығар жол көрінбейді.