Сайран көлі қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болып қала бермек -қала әкімі

Сайран көлі қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болып қала бермек -қала әкімі
Сурет: Massaget.kz

Ол үшін Сайран су қоймасының түбін механикалық тазалауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Халықпен өткен кездесуде шаһар басшысы перспективалық жобаларға да тоқталды. 

« Алғашқы кездесуімізде тұрғындар маған Алтынсарин даңғылын реконструкциялау туралы ұсыныс жасаған еді. Бүгінгі күні ауданның 6 магистралды көшесі, оның ішінде Алтынсарин даңғылында жаяу жүргіншілер кеңістігін қайта құру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде», - деді қала әкімі Е.Досаев. 

Олар келесі көшелер бойынша жүзеге асырылмақ: 
- Абай даңғылы, Алматы өзенінен Момышұлы көшесіне дейін; 
- Алтынсарин даңғылы, Жандосов көшесінен Қабдолов көшесіне дейін; 
- Төле би көшесі, Сайран көлінен Яссауи көшесіне дейін;
- Жандосов көшесі, Алматы өзенінен Саин көшесіне дейін;
- Момышұлы көшесі, Шаляпин көшесінен Төле би көшесіне дейін;
- Саин көшесі, Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін.

Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін, 2023 жылдың соңында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталмақ.

Сонымен қатар, тамыз айының соңында 2 қоғамдық кеңістікті абаттандыру үшін жобалау-сметалық құжаттаманың конкурстық іс-шаралары аяқталады. Атап айтқанда, "Мамыр-1" шағынауданындағы жаяу жүргіншілер аймағы және "Ақсай-4" шағынауданындағы сквер абаттандырылмақ.

"Таугүл" шағынауданында қоғамдық кеңістіктің жоқ екенін ескере отырып, 2023 жылы көлік қозғалысын шектеу арқылы Шалов бульварын заманауи жаяу жүргіншілер аймағына айналдыруды бастаймыз. Жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өтіп, жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталады", - деді қала әкімі Е.Досаев. 

Қала әкімі Сайран көлінің тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі болып қала беретінін айтты. 

«Сайран су қоймасының түбін механикалық тазалауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, тазалау жұмыстарын жыл соңында бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Сайран көлін қайта құруға және оған іргелес аумақты абаттандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Ол аяқталғаннан кейін 2023 жылдың 2-тоқсанында жөндеу жұмыстарына кірісеміз», - деді қала басшысы.