Сайланған әкімге көңіліміз толмаса қайтеміз?

Сайланған әкімге көңіліміз толмаса қайтеміз?
Сурет: ашық интернет көздерінен

Халық қалап, сайлаған әкім елдің көңілінен шықпай жатса, жергілікті мәслихат депуттары оны орнынан алып тастауға құқылы.

Ал кандидаттар ауыл басқаруға лайық адам болмаса, сайлаушылар «бәріне қарсымын» деген бағанды таңдаса болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай жүйе бұрын-соңды болған емес. Ауыл әкімдері бұрын бірді-екілі өңірде ғана сайлаған. Тұтас республиканы қамтыған сайлау биыл бірінші рет барлық аймақта қатар өтіп жатыр. Ауыл әкімі болуға ниетті 2 мыңнан аса үміткердің жартысынан көбі өзін-өзі ұсынғандар. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл жақсы үрдіс.

Ел тағдырына бейжай қарай алмайтын, саясаткер, саясаттанушы, заңгер азаматтардың бұл тұрғыдағы пікірі қандай екен? 24.kz сайтына сұхбат берген олардың көзқарастары оң сияқты.

Расул Жұмалы, саясаттанушы: «Сайлау алдында жүздеген тәуелсіз бақылаушыларды дайындап, лауазымын растаудың да дауыс берудің заң талаптарына сай өтуіне оң септігін тигізері сөзсіз. Әрине, ел тарихында алғаш рет өтіп отырғандықтан, аталмыш тәжірибе мінсіз емес те шығар, десе де, маңызы зор саяси реформалардың сөз емес, іс жүзінде жүріп жатқанын жоққа шығаруға да болмас. Бұқара биылғы науқанды неге асыға күтіп отыр дейсіз бе? Өйткені әлгі кандидаттардың арасында өздері аттай қалап алдырғандары бар. Солар бақ сынап көрсін деп үкілеп аламанға қосты ғой. Бақ шаба ма, әлде бабы басым бола ма, оны алда көреміз.»  

Ерлан Қарин, ҚР Президентінің көмекшісі: «Жаңа нормалар белсенді азаматтар үшін өз әлеуетін іске асыруға қосымша мүмкіндік берді. Мұның бәрі президенттік саяси реформалардың қоғамда үлкен қызығушылық тудырғанын көрсетеді.  Бұдан былай бюллетеньдердің өзі басқа болады. «Бәріне қарсымын» деген бағанды байқаған боларсыз. Соны жаңадан қосып отыр. Егер үміткерлердің арасынан әкімге лайық адам таппасаңыз, қарсы екеніңізді қадап көрсетіп кетіңіз».

Думан Базарбеков, заңгер: «Осыған дейін заңда «бәріне қарсы дауыс беру» деген тармақ мүлдем болмаған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен сайлау жүйесіне осындай өзгеріс енгізіліп отыр. Оның қандай пайдасы бар? Енді қай партияға халықтың қанша проценті жақтас яки қарсы екенін оңай анықтауға болады. Бұл саяси партияларға қосымша жүк артып отыр. Енді олар әрбір дауыс үшін күреседі. Халықтың сеніміне ие болу үшін белсенді дұмыс істейді. 1989 жылы депутарды сайлаған кезде осындай әдіс қолданылған екен. Бірақ ол кезде бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген баған болмаған. Сайлаушылар ұнамаған кандидаттардың есімін сызып тастап отырыпты. Биылғы сайлаудың өзгеше болатыны содан. Одан кейін, әлгі кандидаттар қайыс креслоға жайғасып алып, қамсыз отыра алмайды. Егер жұмысы ел көңілінен шықпаса, жергілікті мәслихат депуттатары оларды қызметінен қуып тастауға құқылы. Жергілікті мәслихат депутаттары вотум қабылдай алады. Егер әлгі сайланған адам жұмысын жөнді атқара алмаса, ауыл тұрғындары кеңес құрып, қол жинайды. Өздерінің қарсы екендерін мәслихат депутаттарына жеткізеді. Ал олар өз кезегінде бұқара наразы болған әкімді қызметінен алып тастайды. Мұны да сайлаушылардың құқығын қорғауға бағытталған ұмтымды қадам деп қабылдауға болады. Ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы шалғай елді мекендерде қордаланып қалған мәселелерді шешуге қалай да септігін тигізеді. Біз тілдескен маман осылай дейді. Елдегі сайлау кемеліне әлі келе қоймаған шығар. Бірақ мұның өзі сірескен сеңнің бірте-бірте сөгіле бастағанын аңғартса керек».