Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті
Сурет: Ақорда

Отырыс барысында еңбекті дайындаған авторлардың қатысуымен көп томдық жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.

Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың ресми сайтына сілеме жасап.

Жиында Мемлекеттік комиссияның 2022 жылы атқарған қызметінің негізгі қорытындылары қаралды.

Мемлекеттік комиссия жұмысының басты нәтижелерінің бірі ретінде саяси қуғын-сүргін тарихына арналған 31 томдық материалдар мен құжаттар жинағының жарық көруін айтуға болады.

Отырыс барысында еңбекті дайындаған авторлардың қатысуымен көптомдықтың тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітаптар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының түрлі санаттарына қатысты бұрын жарияланбаған архив құжаттары мен материалдарынан құралған.

Мемлекеттік комиссияның материалдарын жарыққа шығару жұмысы биыл да бірыңғай серия шеңберінде жалғасатын болады.

Сондай-ақ, тиісті мемлекеттік органдардың басшылары арнайы және ведомстволық архив қорларындағы құжаттарды құпиясыздандыруға, архив материалдарын жүйелеуге және цифрландыруға қатысты атқарған жұмыстары жайында баяндады.

Жиын соңында 2023 жылы қолға алынатын басты бағыттар бойынша, ғылыми-зерттеу және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жалғастыруға қатысты тапсырмалар берілді.