Саулық та, сұлулық та – астан

Әрине, мұның бәрі сіздің қандай тағам тұтынатыныңызға байланысты

 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

Дұрыс тамақтансаңыз, деніңіз де сау болмақ. Ал дені сау адамның психологиялық жағдайы жақсы, көңіл күйі көтеріңкі, жұмыс пен оқуға қабілеті жоғары болады.

Біле білсек, адам денсаулығы – мемлекеттің маңызды мақсаты болып саналады. Соған сай азық-түлік адам ағзасына зиян келтірмеуі тиіс және ол адамды тойдырып қана қоймай, физиологиялық қажеттілігін де қанағаттандыруы керек, профилактикалық және емдеу міндеттерін орындауға ықпал етуге тиіс. Сондай-ақ, тамақтану адам организмін сыртқы ортаның қолайсыз әсерінен сақтауы қажет. Ал сіз шынымен, осындай күші бар тағам тұтынып жүрсіз бе? Жалпы, дұрыс тамақтана білесіз бе?

Елімізде жалпы халыққа сатылатын азық-түліктің бәрі тексерістен өтеді. Бұл ретте олардың адам ағзасына пайдасы мен зияны қаралып, әкелетін қаупі жоқтар ғана сатылымға шығады. Сондықтан дүкендерден азық-түлік алғанда сізді «қауіпті емес пе?» деген сауал мазаламауы керек. Тек құрамымен танысып, жарамдылық мерзіміне бір көз жүгіртіп қойсаңыз жеткілікті.

Жалпы, жай ғана тамақтану бар да, дұрыс тамақтану бар. Екеуінің айырмашылығы неде? Айырмашылық – құрам мен мөлшерде, уақытылы тамақтануда. Әрі тұтынатын тағамның ағзаға пайдалы болуында. Көпшілігіміз тамақты тойып жегенді ұнатамыз. Бірақ дәрігерлер оған қарсы. Олар асты мөлшермен, жиі жеу керектігін айтады. Міне, дұрыс тамақтану дегеннің өзі – осы.

Ересек адам күніне, шамамен, 800 грамм қорек, 1,5-2 литр су пайдалануы керек. Бір тәулікте ішкен тағамның құрамында 15 пайыз нәруыз, 30 пайыз май, 55 пайыз көмірсу болғаны тиімді. Бұл – ағзаға керек тәуліктік қажеттілік. Осы тұста айта кетейік, жер шарындағы халықтың тәуліктік рационы 55 миллион  тонна қоректі құрайды екен. Күнделікті тамақтанғанмен осындай нәрселерді тұтынатынымызды білмейміз, байқамаймыз.

Әсіресе, толық адамдар «семіріп кетем» деп майдан қашады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, керісінше, май тұтынбайтын адамдар семіздікке ұшырайды екен. Негізі, дені сау адамның тамағында 30 пайызға жуық май болуы керек, яғни күніне 80-100 г. май тұтыну қажет.

Қызығы сол, ер адамның денесінің 61 пайызы, әйелдер денесінің 50 пайызы судан тұрады. Бұрын білмегендіктен, таңқалдым. Былай қарасаңыз, екеуі бірдей ағза секілді, айырмашылық бар деп те ойламайсыз.

«Жиі тамақтанудың арасы қанша уақыт болуы керек?» деп ойлауыңыз мүмкін. Мамандар күндізгі тамақтанудың арасы 4-5 сағат болуы керектігін айтады. Сондай-ақ, түнде тамақтанбаған дұрыс. Өйткені, дәл сол уақыт – ас қорыту мүшелерінің демалатын кезі. Ол 8-10 сағатқа жалғасатын көрінеді. Егер ағза демалыс уақытын жіберіп алса, ас қорыту бұзылуы мүмкін. Сондықтан ағзаға дәл сол демалу уақыты ауадай қажет.

Сіз ұйықтаған кезде ағза да демалады. Сондықтан таңертең оны да дұрыс оята білу керек. Дұрыс тамақтанудың өзі содан басталады. Мамандар, таңертең ас ішпес бұрын 1 кесе жылы су ішу керектігін айтады. Ол бір-біріне қабысып, бос тұрған ішектерді жазып, асқазанды оятады. Судың ағзаға пайдасы зор. Тек оны ішкен кезде сіміре салмай, ұрттап ішкен дұрыс.

Әлеуметтік желілерде «дұрыс тамақтануға үйретемін» немесе «дұрыс тамақтану марафоны» дегендер қаптап жүр. Өйткені, дұрыс тамақтану арқылы салмақ тастауға болады әрі ол әрекет дәрі-дәрмексіз өтетіндіктен, ағзаға зиян келтірмейді. Арықтау марафондарына қатысу 1000 теңгеден басталады. Оның ұзақтығы 21 күннен 2 айға дейін жалғасуы мүмкін. Оған қатыссаңыз күнде кешкісін ұялы телефоныңызға ертеңгі ас мәзірі келіп түседі. Сонда көрсетілген тағамдарды дайындап қойып, белгіленген уақытта жейсіз, әрі суретке түсіресіз. Күнде таңертең таразыға тартылып, салмағыңызды жазып жіберіп отырасыз. Олар осылайша сіздің дұрыс тамақтанып жүрген-жүрмегеніңізді бақылап отырады. Нәтижесінде салмақ тастайсыз. «Біреуге ақша төлегенше, үйден өзім дайындап жей бермеймін бе?» деген ой да келеді. Бірақ мұнда біреудің қадағалауы ауадай қажет. Бір ай көлемінде дұрыс тамақтануға дағдыланған соң, оны ары қарай алып кету қиынға соқпайды. Мамандар арықтаудың ең дұрыс жолы да сол – дұрыс тамақтану мен спортпен шұғылдану екенін мойындаған.

Тәннің де, жанның да саулығы, сұлулығы  – астан. Ұзақ жасағыңыз келсе әрі келбетті болуды қаласаңыз, дұрыс тамақтанып жүріңіз.

 

  • Дерек

Адам 70 жыл өмірінде 70 тонна су ішеді, 17 тонна көмірсу, 3 тонна нәруыздар, 2 тонна май, 2 центнер тұз, 38 келі фосфор, 8 келі магний пайдаланатын көрінеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *