Сауда орталығының екінші қабатынан субұрқаққа секірген жігіт ұсталды

Сауда орталығының екінші қабатынан субұрқаққа секірген жігіт ұсталды
Cурет: Sputnik.kz

Болған оқиға туралы сауда орталығының күзетшісі хабар берген

Елордалық полиция департаментінің қызметкерлері Mega SilkWay сауда орталығында екінші қабаттан субұрқаққа секірген тұрғынды ұстады. Ол ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция ақпаратына сәйкес, болған оқиға туралы сауда орталығының күзетшісі хабар берген.

«19 жастағы астаналық достарымен бәстесіп, бірінші қабаттағы субұрқаққа секірген. Оқиға сауда орталығына келушілердің көз алдында болды. Жігітті Mega SilkWay күзетшілері ұстап, полиция қызметкерлеріне берді», – деді қалалық Полиция департаментінде.

Оқиға орнында мән-жай анықталған соң жігіт Есіл аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік өндіріс басталды.

«Мамандандырылған ауданаралық сот шешімімен тәртіп бұзған тұрғын қамауға алынды», – деп нақтылады Полиция департаментінде.

Жігіт бұған дейін де ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылған. Ол жолы Алматы метросында музыканы қатты қосқан.