«Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі аяқталды

«Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі аяқталды
Сурет: Qazaqtv.com

Қарағандыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фестиваль қорытындыланды

Ұлттық мәдениет пен қолөнерді сақтауға бағытталған іс-шара жазда басталған. Оған барлығы 125 қолөнерші мен түрлі шығармашылық ұжым қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қатысушылар қатарында Азамат Бақия да бар. Шебер фестивальге «керней» үрмелі аспабын әкелген. Ол жорықта жауынгерлердің жігерін қайрау үшін қолданылған көрінеді.

«Алпамыс батыр жырында «Керней сырнай тартқызып, беделін жұртқа артқызып» деген жолдар кездеседі. Бұл аспап – қазақтың төл аспабы. Кейіннен жоғалып кеткен. Қазіргі таңда біз соны жаңғыртып, жасап жүрміз. Керней – осындай іс-шарада, салтанатты жиындарда таптырмас аспап», - дейді өнерпаз Азамат Балқия. 

Фестивальде Гүлбаршын Матниязова да өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. 15 жыл бойы киізден киім жасайтын елге танымал қолөнер шебері, өнімдерін шетелге шығара бастаған.

«Жақында тапсырыс бойынша Джемили атты АҚШ-тық әртіске көйлек тіктім. Қазір Димаш Құдайбергеннің әндерін орындайтын Фабио есімді италиялық өнерпазға ұлттық киім дайындау үстіндемін. Соңғы кездері шетелдіктер қазақтың киізінен жасалатын киімге тапсырыс беруде», - қолөнер шебері Гүлбаршын Матниязова. 

Фестиваль ұйымдастырушылары шеберлерді дәстүрлі түрде әр 2 жыл сайын жинауды жоспарлап отырғанын атап өткен жөн.