Сапасыз тауарлар үшін тұтынушыларға 800 млн теңге қайтарылған

Сапасыз тауарлар үшін тұтынушыларға 800 млн теңге қайтарылған
Сурет: Ашық дереккөзі

2025 жылға қарай тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін 74,7%-ға дейін арттыру міндеті тұр.

Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Жұманғарин былтыр тұтынушылар тарапынан 30 мыңнан астам өтініш түскенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, тұтынушылардың 30 мыңнан астам өтініші қаралды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Тұтынушыларға шамамен 800 млн теңге қайтарылды. Тұтынушылардың өтініштерін қабылдау және қарастыру процесін автоматтандыру үшін e-Tutynushy салалық ақпараттық жүйесі e-Otinish-пен біріктірілген», - деп атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталды министр.

Оның айтуынша, тұтынушылардың құқығын қорғау бағытындағы заңнамалық түзетулердің екінші пакеті әзірленген.

«Заңнамалық түзетулердің негізгі басымдықтарының қатарына омбудсмен институтын енгізу, бизнес қызметтерінің барлық салаларына базалық қағидаттарды тарату және электрондық саудадағы реттеу мәселелері кіреді. Маусым айында заң жобасын Парламентке енгізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2025 жылға қарай тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін 74,7%-ға дейін арттыру міндеті тұр», - деп түйіндеді Серік Жұманғарин.