Санаулы күндерден кейін 700-ден астам ауыл әкімдерін сайлайды

Санаулы күндерден кейін 700-ден астам ауыл әкімдерін сайлайды
Сурет: 24.kz.

Шілденің 24-не дейін үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

25 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде әкімдердің сайлауы басталады. Сайлаудың бұл түрі елді демократияландыруға бағытталған, халықтың еркін ескеріп, таңдау жасау құқығын беруді көздейтін маңызды бетбұрыс болады деген үмітпен қолға алынып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.

Президенттің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин бұл сайлау Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалардың екінші және үшінші пакеттерінің аясында іске асып жатқанын айтып жүр.

Естеріңізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауында 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берілген болатын.

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 139 және 140-тармақтары бойынша аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жөніндегі заң жобаларын әзірлеп шықты.

Осылайша 24 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жаңартылған нұсқаларына қол қойды.

Құжатқа Презиенттің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға Парламент Мәжілісін сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7% -дан 5%-ға дейін төмендету, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінің нысандарына «Бәріне қарсымын» деген баған енгізу жөніндегі ережелер жаңадан енгізілді. «Бәріне қарсымын» деген бағаны бар бюллетеньдер біз айтып отырған әкімдердің тікелей сайлауында алғаш рет қолданысқа енгелі отыр.

Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылдық елді мекеннің тұрғыны ретінде тіркелген. Яғни ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру ісіне Қазақстан азаматтарының 40%-дан астамы атсалыспақ.

Жоғарыда аталған заң бойынша ауылдық аумақтардың 2 346 әкімі бұдан былай тікелей сайлау арқылы анықталуы тиіс. Биыл соның 775-і өз тағдырын айқындайды.