Санақшыны алаяқтан қалай айыра аламыз?

Санақшыны алаяқтан қалай айыра аламыз?
Сурет: Almaty.tv

Санақ басталады деген ақпарат тарағаннан бері алаяқтардан сақтану мәселесі де көтерілді. 

Бұл сұраққа бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн баспасөз мәслихатында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков жауап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

Санаққа қатысты мәселелерді түсіндіру мақсатында бүгін «Алматыдағы халық санағының негізгі кезеңінің барысы туралы» онлайн баспасөз-конференциясы өтті.

«Интервьюердің  ең басты белгісі – санақшы куәлігі, оның жоғарғы жағында куәліктің нөмірі жазылған, сол нөмірді sanaq.gov сайтына енгізу арқылы үйіңізге келген санақшының ресми өкіл екендігіне көз жеткізе аласыздар», -деді Айдар Әбілдабеков.

Спикердің айтуынша, санақшының көк түсті портфелінде 2021 жыл деп жазылған, ал шарфында 2020 жыл деген жазуы бар, өйткені санақ өткен жылға жоспарланған, сол себепті шарфтар былтыр жасап шығарылған. 

«Сондай-ақ санақшының қолында оның ең басты құралы – респонденттерді тіркейтін планшеті болады», - деді Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы.