«Самұрық-Қазынаның» қайырымдылық жобалары

«Самұрық-Қазынаның» қайырымдылық жобалары
Cуреттер: Д.Исаев

Алматы қаласында «Самұрық-Қазына» қолдауымен 2,3 млрд теңгеге 20-ға жуық әлеуметтік жоба іске асырылуда.

Алматыда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қорының қызметі таныстырылды. «Алматы-Арена» көпсалалы спорт кешеніне жиналған БАҚ қызметкерлері мен қоғам белсенділері ерекше балалармен бірге көңілді эстафетаға қатысты.

Шарада «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы қаржылай қолдау тапқан бірқатар қайырымдылық жобаларының тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналары бас қосты.

«Балалық шақ – бір рет ғана болатын, қайта оралмайтын, сағына еске алатын ғажайып әлем іспеттес. Осы орайда,  бірнеше жыл бойы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры балалардың сенімді серігіне айналғанын айтқым келеді. Бүгін бірнеше жобада қамтылған жеткіншектермен кездесіп отырсыздар. Болашақта басқа өңірлерде де осындай шараларды ұйымдастыру жоспарда бар», - деп атап өтті шараның ашылу рәсімінде «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Мысалы, «Саламатты болашақ» жобасы 2018 жылдан бастап компаниялар тобы атынан қаржыландырылып келеді. Жоба аясында еліміздің 21 қаласы мен елді мекенінде тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылып, 1 100 ерекшелігі бар бала спорттың 12 түріне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Жақында ғана Қордың Қамқоршылық кеңесі мақұлдаған «All ability Camp» спорттық лагері» жобасында басқа өскелең ұрпақ өкілдерімен қатар, «Самұрық-Қазына» құрамындағы кәсіпорын қызметкерлерінің ерекше балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған.

Сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан балаларға көмек беруге бағытталған «Балаларға өмір сыйла», ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға заңгерлік қолдау көрсетуге арналған «Жетімі жоқ Қазақстан» және аутизм дертіне душар болған жанұяларға жәрдем беруді мақсат тұтқан «Аутизмді жеңеміз» оңалту орталықтары сияқты жобалар да оңтүстік шаһарда жүзеге асуда.

«Даун синдромы бар балаларға арналған орталық ашу және жарақтандыру, Даун синдромы бар балалар мен жасөспірімдерді қоғамға әлеуметтік бейімдеу мен ықпалдастыруға жәрдемдесу» жобасы аясында Алматыдағы орталық педагогтарының штаты кеңейтіліп, шетелден білікті мамандар шақыру және Даун синдромы бар адамдарды жұмыспен қамту көзделуде.

Шараға қатысқан ҮЕҰ өкілдері өздерінің жобалары туралы әңгімелеп, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының көрсеткен қолдауына алғыс айтты.
   
2016-2023 жылдар аралығы «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қызметі аясында мегаполисте денсаулық сақтау мен білім, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мен бұқаралық спортты дамыту және әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттарында жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге 19 жобаға жүзеге асып отыр.