«Самұрық-Қазына» қоры топ-менеджерлерінің жалақысы қысқарды

«Самұрық-Қазына»  қоры топ-менеджерлерінің жалақысы қысқарды
Сурет: Tengrinews.kz

Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазаАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Портфельдік компаниялар басшыларының жалақысы туралы айтар болсақ, ол компанияның қаржылық көрсеткіштеріне орай бекітіледі. Нормативтер 2016 жылы бекітіліп, содан бері әлі өзгерген жоқ. Сыйақы, сыйлықақы қоры жайында сөз қозғасақ, ол да қызмет көрсеткіштеріне, жеке немесе корпоративтік жоспарлардың орындалуына тікелей байланысты. Яғни, бұл сома да бюджеттермен шектеледі», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сонымен қатар ол тәуелсізді директорлардың жалақысына қатысты мәліметтермен бөлісті.

«Танымал, біліктілігі жоғары, халықаралық деңгейдегі маманның болуы қызметіміздің ашықтығын білдіреді және халықаралық инвестициялық қауымдастықтың сенімін қамтамасыз етеді. Тәуелсіз директорлар барлық акционерлердің, оның ішінде мемлекеттің де қорғанысын қамтамасыз ететіндігін түсіну қажет. Өйткені, олар үшін бедел тәуекелі, менеджмент сапасы, ашықтық мәселелері, қателік жібермеу – негізгі жұмыс. Әдетте мұндай адамдардың жалақысы жоғары болады», - деді қор басшысы.

Дегенмен, Алмасадам Сәтқалиев тәуелсіз директорлардың жалақысы қайта қаралып, қысқарғанын жеткізді.

«Тәуелсіз директорлардың жалақысын, сыйлықақыларын барынша қысқарту жұмысы жүргізілді. Шамамен 30 пайызға қысқарттық. Басшылық қызметкерлердің жалақысы қысқарған жоқ. Бірақ, біз басқа жолмен жүріп, басқарушы директорлардың санын екі есеге азайттық және жалақы қоры қысқарды», - деді ол.