Салиқалы сөз айтылды

Салиқалы сөз айтылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында сарапшылармен, қоғамдық ұйымдардың көшбасшыларымен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Кездесулер барысында «Жаңа Қазақстан» бағдары, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік реформалар, сондай-ақ, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде өткізілетін республикалық референдумге дайындық мәселелері кеңінен талқыланды.

Конституцияға енгізілетін түзетулер, ең алдымен, адам құқықтарын қорғаудың барынша тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейді. Еліміздің әр азаматы жүгіне алатын Конституциялық сот құру, өлім жазасының күшін жою және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлін арттыру сияқты нақты шаралар осы бағыттағы маңызды қадамдар.
Кездесу барысында Қарагөз Сүлейменова, Кенжехан Матыжанов, Мұратхан Шоқан, Ұлықбек Есдәулет, Бақытжан Бұқарбай, Ринат Зайытов, Болат Әбділманов, Жанар Айжанова, Өмірбек Жұбаниязов, Анар Фазылжан, Ұлжан Байбосынова, Жүрсін Ерман, Айгүл Жансерікова,  Сәуле Жиреншина, Сәдуақас Ағытаев, Арман Жүдебаев қоғамдық жұртшылықты толғандырған бірқатар өзекті мәселені ортаға салды.
Мәулен Әшімбаев енгізілетін өзгерістер Парламенттің саяси жүйедегі рөлін және оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыратынын да атап өтті.

«Парламент сайлауында аралас мажоритарлық-пропорционалды жүйе енгізіледі. Мәжіліс құрамының 30 пайызы кейін бір мандатты округтер бойынша сайлана алады. Бұл депутаттардың өз сайлаушылары алдындағы жеке жауапкершілігін арттырады. Сайлаушылар үшін сайлау алдындағы уәделерін орындамаған депутатты кері қайтарып алу мүмкіндігі туады. Сенат өңірлердің мүдделерін қорғайтын Палатаға айналуға тиіс. Қолға алынған өзгерістерге байланысты Сенаттың өкілеттігі кеңейтіледі. Палата ел Президентінің Конституциялық соттың және Жоғары Сот кеңесінің төрағаларын тағайындауына келісім береді», – деді Мәулен Сағатханұлы.

Сондай-ақ Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде өңірлердің дербестігі де арта түсетіні айтылды. 

Жоғары палата Төрағасы жиынды түйіндей келіп, Ата заңға енгізу үшін ұсынылған өзгерістер саяси бәсекелестікті күшейтуге және билік монополиясын жоюға арналғанын айтты. Айтылған ұсыныстар зерделеніп, алдағы уақытта ескерілетінін назарға салды.