Сабақ аяқталмай, оқулықтарды тапсырып тастаған мектептер жазаланады

Сабақ аяқталмай, оқулықтарды тапсырып тастаған мектептер жазаланады
Сурет: Sputnik.kz

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Биылғы оқу жылының 31-мамырға дейін ұзартылуына байланысты, мектептерде сабақ аяқталмай, оқулықтар тапсырыла бастады деген  ақпараттар тарап кетті. Министрдің айтуынша, мектептер стандарттарды орындамаса, бұл қаржылық бұзушылыққа жатады. Өйткені олар жалақы алады, бұл - оқу бағдарламасы.

«Мемлекеттік стандарт бар, оқу бағдарламасы бар.  Біз қазір мониторинг жүргізіп, мемлекеттік стандартты орындамайтын мектептерді анықтап жатырмыз. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, белгілі бір шаралар қабылданады», - деді министр Үкімет кулуарында.

Десе де, Ғани Бейсембаев оқулықтарды мерзімінен бұрын жинағаны үшін мұғалімдер мен директорларға қандай жаза қолданылатынын нақтылаған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға дейін ұзартылды, яғни биыл ел мектептерінде сабақ айдың аяғына дейін жалғасады.