«Сәби сүйгім келеді»

Халық – демографияның нақты анықталған зерттеу объектісі

 Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті 2020 жылғы жарты жылда қанша қазақстандық дүниеге келгенін жариялаған болатын. Қолымыздағы бар мәліметтерді сөйлетсек, былтырғы алты ай ішінде Қазақстанда 197 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Ал 2019 жылы дәл осы кезеңде 193 500-ге жуық сәби өмір есігін ашқан. Сөйтіп, бала туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы топ бастаған. Одан кейін Алматы облысы, ал үшінші орынға Алматы тұрақтаған.

Алматыда былтырғы жарты жылда 16 500-ден астам сәби дүниеге келген. 2019 жылдың жарты жылында да осы шамалас бала туған. Ал елімізде балалар ең аз туған – Солтүстік Қазақстан облысыткен жылдың жарты жылында 3300-ге жуық нәресте дүниеге келген) екен.

Жаңа туған шаранадан бастап 17 жасқа дейінгі балалар Қазақстан Республикасы халқының үштен бірін құрайды.

Елімізде 2020 жылдың алты айында барлығы 64 968 адам қайтыс болған (салыстыру үшін: 2019 жылдың бірінші жартысында 66 613 өлім тіркелген). Жарты жылда табиғи өсім +132 297 адамды көрсетті. 2019 жылы 126 799 адам болған.

Былтырғы желтоқсан айындағы ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетіп қалды. Ондағы қалалықтардың үлес салмағы – 59%, ауыл халқы 41%-ды құрайды.

***

Ал біздің Алматы шаһарындағы халық саны бүгінде 2 миллионнан асты. Алматылықтардың жартысынан көбін қазақтар құрайды. Қазақтардан басқа орыстар, ұйғырлар, татарлар, украиндар және т.б. этностар тұрады. Шетелдіктердің ішінде ең көбі – түріктер.

Алматы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Кейінгі жылдары оның құрамына іргелі Алатау мен Наурызбай аудандары қосылып, халық саны едәуір өсті.

Алматының миллионыншы тұрғыны есіңізде бар ма? Ол – Бауыржан Қадірсізов, 1981 жылдың 19 желтоқсанында қарапайым отбасында дүниеге келген. Оны сол уақыттары Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы арнайы құттықтаған еді. Кішкентай Бауыржанға Алматы қалалық атқару комитетінің өкілдері қола медаль мен қаланың символикалық кілтін тапсырған болатын.

Ал шаһардың 1,5 миллионыншы тұрғыны 2013 жылдың 28 қазанында Алмалы ауданының АХАТ органында тіркелген. Сәбидің аты-жөні – Шыдас Алдан, туған кезіндегі салмағы – 3 884 грамм, бойы – 53 см. болған.

***

Былтыр жыл соңына таман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын ұсынғанда, онда сәбилі болғысы келетін отбасыларды аса қуантқаны – «Аңсаған сәби» бағдарламасының қабылданатыны еді. Биыл осы бағдарлама іске қосылатын болды.

Бағдарлама шеңберінде ЭКО-ға квота саны 7 есеге көбейді. Оның ішінде, Алматыға биыл бөлінген квота мөлшері 800-ге жуық. Ал былтыр 130 квота бөлінген болатын. Бүгінгі күні Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасында кезекте 700-ге жуық әйел тұр, оның 400-і былтыр өтініш беріп қойған.

Қазіргі таңда елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік. Бүгінгі күнге дейін осы әдіспен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген. Елімізде шамамен 9 мыңнан астам әйел бедеулік диагнозымен есепте тұрған көрінеді. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге үмітті талай ерлі-зайыптыға бақыт сыйлайтыны анық.

«Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы Салтанат Байқошқарованың пікірінше, Қазақстанда бедеулігі бар адамдардың тізімін жасау қажет. «Бедеулік мәселесімен айналысқаныма 32 жыл болыпты. Оның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісін алғашқы маманы ретінде енгізгеніме 25 жыл толыпты. Біз көбіне ақылы түрде қызмет көрсеттік. 2010 жылдан бастап мемлекетіміз 100 квотадан бастаса, 2020 жылы 1 мыңнан сәл асатын квотаға қол жеткіздік. Енді 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш болды. Бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмайды. Бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді. Сондықтан бұл үлкен көмек. Бұл жердегі ең басты мәселе – елімізде бедеуліктің тізілімі жоқ. Біз жалпылама сөзбен бесінші, алтыншы отбасы бедеулікпен бетпе-бет келіп отыр дейміз. Алайда, олардың барлығына арқау болатын нақты статистика жоқ. Сондықтан бүгінгідей цифрландыру заманында қанша адам бедеулікке ұшырағандығын анықтау қажет. Яғни, бедеу адамдарды тіркеу мәселесін нақтылайтын база құруымыз керек», – дейді С.Байқошқарова.

Арман

Айман Қ., 29 жаста:

– Шаңырақ көтергенімізге тоғыз жылдан асып барады, әлі  баламыз жоқ. Осы уақыт ішінде күйеуіміз екеуміздің өмірімізде талай нәрсе болды, талай мәрте «аяқ-табақ та сылдырлады». Бірақ бізді барлық қиындықтан жүрегімізде бала күннен бүр жарған махаббат сезімі құтқарып келеді. Шаранасын туа салып қоқысқа, аязға тастап кетіп жүре беретін адамдарды түсінбей-ақ қойдым. Жүрегім қанжылайды. ЭКО-ға банктен несие алып бір мәрте барғанбыз, сәтсіз болды. Бірақ күдерімді үзгім жоқ. Бізде бала болады! Мен оған сенемін!

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *