Қ.С. АЛДАЖҰМАНОВ, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор:   №00447  БҰЙРЫҚ «Үлкен террордың» құпиясыздандырылған құжаттары не дейді?

  • Ақтаңдақ жылдар ақиқаты

 

 ХХ ғасырдың  20-30 жылдарында сталиндік жүйенің өз азаматтарына қарсы іске асырған адам айтқысыз қырғыны мен оның жәй-жапсары туралы бүгінде бәрі белгілі сияқты болып көрінеді. Әлі күнге дейін әңгіме қозғалса бүкіл қоғам тітіркенетін әлеуметтік эксперименттерді іске асыру мақсатында халық атынан өздерінің адамзатқа жат диктатурасын орнатқан азғантай ғана авантюристер тобы ұйымдастырған бұл  қанқұйлы «үлкен террор» тарихына қайта оралу, 20–30 жылдардың оқиғаларын жаңа көзқараспен тағы бір шолып өту  бізге кейбір жаңа деректерді  қайта қорытындылауға мүмкіндік береді.

Түнекті кезең тарихы

  Жаппай саяси қуғын-сүргіннің жай-жапсарын ашып көрсететін ең жабық дерек көздерінен алынған көптеген фактілерді жария ету мүмкіндігі туып отырса да, түнекті кезең тарихының жәйттері әлі де көлеңкеде қалып келеді. Халықтың басына әңгіртаяқ ойнатып, «кулактарды тап ретінде жою» ұранымен малды жаппай тартып алу, елдің қарсылығын, шаруа көтерілістері мен бүліктерін қару күшімен басып-жаншу (ал олар 1929-1932 жж. 380 рет көтерілген), көтеріліс болған аудандарда адамдарды жаппай ату және т.б. өзінің көлемі жағынан «үлкен террордың» бастауы мен негізі болды.

Кең көлемдегі саяси қуғын-сүргінге дейін большевиктер билігі бұрынғы патша әкімшілігінің қызметкерлері мен адамдарын, большевиктік емес партиялар мен қозғалыстардың, бірінші кезекте Алаш және Алашорда ұлт-азаттық қозғалысының мүшелері мен жетекшілерін бақылауға алып, тізімдерін жасады. Сөйтіп, 20-жылдары олардың бір бөлігі жаңа билік мекемелерінде қызмет істей бастағанына қарамастан, большевиктер өкіметі «винтовкасының» нысанасында болды, яғни билік кез келген уақытта оларды тұтқындауға және атуға бұйрық беруге әзір тұрды.

Осындай сәт 1928 жылы  байлар мен жартылай феодалдар дегендердің, жалпы қазақ аристократиясының мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударған соң, бұрынғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқандардың бәрін қоғамнан оқшаулау туралы жоғарыдан түскен команданы орындаудан басталды. Бұл өзіндік алдын-ала берілген соққы, дәлірек айтсақ, тұтқындау екенін айту қажет. Осындай әдіспен ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру қарсаңында билік бүкіл КСРО бойынша бұл науқанның ықтимал қарсыластарын оқшаулауға шешім шығарды. Сондықтан осындай шара Қазақстанда Алаш қозғалысына қатысқандар үшін, Өзбекстанда – «Иттихат – ве Таракки», Түркменстанда және Қырым татарлары республикасында – «Милли-Фирка», Татарстанда – «Шуро-и-исламия» және т.б. партиялар мен қозғалыс мүшелеріне қолданылды. Әзірбайжанда муссаватшылар, Грузияда – меньшевиктер, Арменияда – дашнактар, Украинада IV Бүкілукраиндық Рада мүшелері және т.б. репрессияға ұшырады.

 Шындыққа жанаспайтын жоспар

Біз неліктен Қазақстанда «үлкен террор» 20-жылдардың соңы – 30-шы жылдардың басында басталған дейміз. Себебі, большевиктер билігінің Қазақстандағы репрессиялық жазалау шаралары күштеп ұжымдастыру барысында бүкіл халыққа бағытталған террордың логикалық жалғасы болды, ал оның нәтижесінде болжам бойынша 2 млн 200 мың адам құрбандыққа ұшырады. Не себептен бұған назар аударылып отыр: себебі халықтың жаппай қырылуы, оның үстіне 100 адам, не 200 адам емес, 2 млн. 200 мыңдай, мүмкін одан да көп адамның қырылуы большевиктік авантюристердің әлеуметтік-экономикалық саясатының түгелдей құрдымға кетуін дәлелдеді. Микоян 1931 және 1932 жылдары Қазақстанға  келіп, өзінің шындыққа жанаспайтын жоспарын аштан қырылып жатқан республикаға орындатқан болатын. Ал бұл «қызыл қырғын» үшін кім жауап беруі керек еді?

Халық қаһарынан сескенген, келешекте әйтеуір бір әшкерелену қаупін сезінген Сталин мен оның айналасындағылар Қазақстандағы халықтың қырылуы, шаруалардың жаппай қарсылыққа және көтеріліске шығуы, ашыққан халықтың босқындыққа ұшырауы себептеріне кінәліні табудың оңай да, жеңіл жолы – бәрін қазақ зиялылары мен басшылық қызметіндегілердің өзіне аудара салуға әрекеттенді. Барлық заңсыздыққа нұсқау беруші Мәскеу емес, өкіметке жыл сайын әлденеше миллион бас мал тапсыру  және әр жылда 40 млн. пұттан астам астық өткізу жоспарларын талап етуші КСРО жабдықтау және сауда халық комиссары (Анастас Микоян) емес деген ұғымды қалыптастыру әрекеті еді бұл.  Осының бәрі бұл нәубет жергілікті қазақ қызметкерлерінің пәрменімен іске асырылғандай әсер қалдырды.

Кеңес өкіметінің  құпиясы

Қазақстанда халықтың ашаршылықтан қырылғаны КСРО мүлдем тарағанға дейін КОКП мен Кеңес өкіметінің аса жасырын құпиясы болып келді. КСРО-дағы болған ашаршылықты 1991 жылы  мойындаған тек Михаил Горбачев қана болатын. Оған дейін ашаршылық пен репрессияның барлық жәй-жапсары құпия болып қала берген еді. Сондықтан жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңі басталғанда 20-30 жылдардағы экономикада орын алған апат репрессия құрбандарын іздеп табуға қолайлы себеп болып шықты. Бұл науқан 1936 жылы БК(б)П Орталық Комитетінің желтоқсандағы Пленумының, онан соң 1937 жылы ақпан-наурыз Пленумының  шешімдері негізінде іске асырылды. И. Сталиннің баяндамасындағы  «халық жауларын» түп тамырымен жою туралы тұжырым  ашықтан-ашық берілген нұсқау, бұйрық деп саналды. Осы пленумдардың шешімдерінен, жалпы материалдарынан, сондай-ақ большевиктер партиясының тарихынан, тіптен  «БК(б)П  тарихының қысқаша курсынан» белгілі болғандай, жаппай репрессияға экономикадағы апаттардан басқа Лев Троцкийге және оның сыбайластарына, сонымен бірге Бухарин, Томский, Рыков және олардың жақтастарына қарсы күрес себеп болды.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін саясатын  іске асыру барысында жергілікті партия-кеңес қызметкерлерінің Л. Троцкийдің республикаға жер аударылған жақтастарымен байланысына зор мән берілді. Ал олар аз еместұғын және барынша жауапты қызметтерде отырды. Оның үстіне Л. Троцкийдің өзінің 1928 жылы Алматыға жер аударылып, біршама уақыт осында тұруы репрессия барысында ұтымды ескерілді.

Сондықтан репрессияға ұшырағандардың осы категориясына И.Сталиннің нұсқауы бойынша Н.Ежов пен оның жандайшаптары ұлттық үлгідегі «халық жауларын» (ұлт-азаттық қозғалысының аман жүрген мүшелерін), сондай-ақ аудан және одан жоғары деңгейдегі партия, кеңес, шаруашылық қызметкерлерін енгізді. Бұған қоса И.Сталин мен оның серіктері келешекте қарсы шығуы мүмкін деген оппозиционерлерден және ауыл мен деревняның келешекте қандай да бір қарсылық көрсетеді деген әлеуметтік құрамынан да құтыла салуды ойластырды. Бұл үшін «бұрынғы кулактар» деген қарапайым анықтаманың өзі жеткілікті болатұғын.

«Мырзажанның»  тізімі

Репрессия қызып тұрған 1937 жылдың  алғашқы жартысында И. Сталин мен Н. Ежовтың сұрауы бойынша жер-жерден қуғын-сүргінге жататын жау элементтердің, бұрынғы кулактар мен басқа да «сенімсіз» адамдардың саны көрсетілген ұсыныстар түсе бастады. Мысалы Мәскеудің партия басшысы Н.С. Хрущев «Саяси бюроға 8500 адамды атып тастауға, ал 32 000 адамды лагерлерге айдатуға» ұсыныс түсірді. Бұл тек Мәскеу бойынша ғана. Қазақтар «Мырзажан» атап кеткен  Қазақстан (большевиктері) компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян, «12 500 адамға» ұсыныс жіберді. Оның ішінде «2500 адамды облыстар бойынша, 10 000 адамды лагерлер бойынша атуды» сұрады.

Ұсыныстар КСРО мен Ресей Федерациясы республикалары мен облыстарының бәрінен түсіп жатты. Бұл жағынан Н.Хрущев пен Л. Мирзоян жалғыз емес еді. Олар тек басқалардан бұрын қимылдады. 1937-1938 жылдардағы  «үлкен террор» кезінде, Мирзоянның өзі репрессия диірменіне түсіп қалғанша, осы тәсіл  әлденеше рет қайталанған болатын.

Осындай жағдайда жер-жерден түскен ұсыныстар негізінде 1937 жылы 31 шілдеде «Бұрынғы кулактарды, қылмыскерлерді және басқа да антикеңестік элементтерді репрессиялау операциясы туралы» деген КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) №00447 бұйрығы шықты. Ол бойынша жазалау операциясын өткізу үшін үштіктер құру, жаза шарасын белгілеу тапсырылды (1-категория бойынша – ату; 2-категория бойынша – 8-10 жылға еңбекпен түзеу лагерлеріне  айдау қарастырылды). Қазақстан бойынша бұл операция 1937 жылы 15 тамызда басталып, 2-3 ай мерзімінде аяқталуы тиіс болды.

 

«Үштіктер»  үкімі

Зерттеушілер үшін белгілі бір уақытқа дейін неліктен 1937 жылы күзде, әсіресе қарашадан бастап, НКВД-ның облыстық басқармаларының «үштіктері» РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша жүздеген айыпталған адамдарға үкім шығарып келгені түсініксіз болатын. Тек қанқұйлы 00447 бұйрық мәтіні мен оның республикалар мен облыстар бойынша әр категорияға сәйкес репрессияланатын адамдар саны көрсетілген қосымшалары жарияланған соң ғана бәрі түсінікті болды. Бұған НКВД-ның кейбір аяушылық сезімі бар тергеушілерінің: «біз адамдарды айыптауға мәжбүрміз, себебі бізге репрессиялау жоспары берілген» деген мойындаулары дәлел.

1937-1938 жылдардағы «үлкен террордың» жазалау машинасы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Антикеңестік элементтерге және аз ұлттарға қарсы бағытталған қуғын-сүргін іс-қимылдарын жүзеге асырудың мерзімдері ұзартылды. Бір-бірінен озып түсуге талпынған Украина КСР-ның бірінші жетекшісі Н. Хрущев пен Қазақстанды басқарған  Л. Мирзоян 1 және 2 санаттар бойынша қуғын-сүргін ұйымдастыру үшін қосымша бақылау сандарын ұсынды. Олардың бұл ұмтылыстары толығымен қанағаттандырылды: Мәскеу Қазақстан бойынша сұрастырылып отырған 1-ші санаттағы 1925 адамның орнына 2000 адамға, 2-ші санат бойынша 3000 адамға тең жоспарды бекітті. «БК(б)П ОК арнайы папкісінде» сақталынған бұл құжат 1992 жылы қарашада ғана құпиясыздандырылды. «Аса құпиялы» грифін алу бойынша комиссияның құрамында осы жолдардың авторы да жұмыс істеді. Мұнда облыстар бойынша құрастырылған кесте түпнұсқасына түзетулер болғандығына жіті назар аударған жөн: жасыл қарындашпен өз қолымен өзгертулерді енгізген Л.Мирзоян адам санын бір облыстан екінші облысқа көшіре отырып, республика бойынша ортақ баланстың шығуын қадағалап, жасыл қарындашпен қол қойған. Осы құжатта ҚК(б)П ОК бюросының өзге мүшелерінің де қолдары бар. Аталған құжаттың көшірмесі 2010 жылы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында «Құпиясыздандырылған құжаттардың» қатарында көрмеге қойылды.

Бүкіл КСРО және ішінара Қазақстан бойынша кең өріс алған жаппай саяси қуғын-сүргін адамдарды қарапайым санамен қабылданбайтын, нанғысыз қылмыстар үшін айыптаған толассыз жала жабу және өсек тарату науқанымен қатар жүрді. Бұл жағдай әр түрлі деңгейдегі жетекші қызметкерлерге, зиялы қауым өкілдеріне айрықша қиынға соқты. Бір ғана мысал келтірейік: 1937 жылы күзде «Казахстанская правда» газеті «До конца искоренить отстатки вредительства буржуазных националистов в казахской орфографии!» атты көлемді мақала жариялап, онда 20-шы жылдардың аяғында қазақ тілін реформалауға және латын графикасын енгізуге қатынасы бар А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Ғ. Тоғжанов және басқа да зиялы қауым өкілдері әшкереленді.

Жаппай үрей мен жала жабу науқаны

1937 жылдың күзіне қарай қуғын-сүргін толық қарқынмен жүргізіле бастады. КСРО ІІХК (Ішкі істер халық комиссариаты) №00447 және өзге де бұйрықтарына сәйкес қуғын-сүргінге ұшырайтын кулактар және басқа да элементтермен қатар, Қазақ КСР ІІХК облыстық басқармалары азаматтардың барлық санаттары бойынша  қарсы қуғын-сүргін шараларын іс жүзіне асыруды қолға алды. Большевиктік партияның және КСРО ІІХК кабинеттерінде шешілгендей, аса қауіпті тұлғаларды диверсиялық және ланкестік іс-қимылдарды жүзеге асыруға ниеттенген, «антикеңестік үгіт» сынды контрреволюциялық қылмыстарды жасаған, ұйымдастырылған антикеңестік элементтер ретінде топтастыру көзделді. Шаруашылықтың әр түрлі салаларында зиянкестік деген жала айыптаудың ең кең таралған түріне айналды. Өндірістегі кездейсоқ апаттар, өрттер, темір жол вагондарының рельстен шығып қалуы, эпизоотия және малдың қырылуы, астық пен азық-түлікті сақтаудың технологиясын сақтамау және тағы да басқа, яғни кез келген кіші-гірім олқылықтар мен немқұрайлылықтар зиянкестік ретінде бағаланды. Қоғамда жаппай үрей мен жала жабу, шағым жазу жағдайы қалыптасты.

Мысалы, танымал  қазақ ақыны І. Жансүгіровке келесідей айып тағылды: «1934 жылы мен І. Жансүгіровке Жазушылар одағының төрағасы ретінде келіп, менің ақын болғаныма 10 жыл толғандығы және осыған байланысты мерейтой шараларын ұйымдастыру қажет екендігі туралы айттым. Алайда, маған қолдау көрсетудің орнына, ол менің өлеңдерімді сынап, әдеби шеберлікті шыңдай түсуге кеңес берді. Міне осылай, ол қолдаудың орнына, әдебиет майданында зиянкестікпен айналысып, жастарға жол бермей жүр».

Осыған ұқсас мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қуғын-сүргіннің қызған шағында большевиктік партия мен республика ІІХК жетекші органдары Орталықтан тұтқынға алынғандардың («әшкереленген халық жаулары») істерін ұйымдасқан антикеңестік астыртын топтар ретінде құрастыру, осыған сәйкес қоғамдық сананы қалыптастыру және сотқа материалдарды тапсыруға даярлау туралы нұсқау алған еді.

1936 жылдан бастап қуғын-сүргін шараларын іске асыруға жауапты болған ІІХК облыстық басқармалардың «үштіктері» мен КСРО прокуратурасы және КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасының жұмысына басты назар аударылды. Сондықтан да, сол кезде қызмет етіп отырған КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы «халық жауларына» қатысты істерді «қарауға» және олар бойынша шешім шығаруға белсенді түрде мамандырылды.

 

Тұтқындылғандар «қылмыскерлерге» айналды

КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы  көшпелі сессиясының әрбір тобы белгілі бір республика және аймақ бойынша арнайы «маманданды». Қазақстан бойынша бұл «миссия» 1937 жылдың қазан-қараша айларында-ақ қазақстандық азаматтарға үкім шығарумен айналысқан шені генерал-майор әскери атағына сай келетін дивизиялық әскери заңгер А. Горячевке және оның тобына жүктелді. Жергілікті партия-кеңес органдарының және әр түрлі мекемелердің қызметкерлерімен қоса, №00447 бұйрыққа сәйкес тұтқындылған адамдар олардың «қылмыскерлеріне» айналды. Мысалы, сол кездегі Қарқаралы аудандық атқару комитетінің бұрынғы экономисі Қамен Мұхамедиев былай деп еске алатын: «Мені 1937 жылы тамыздың аяғында тұтқындады. Бір-ақ рет тергеп, ауданның ауыл шаруашылық саласындағы «зиянкестігім» үшін айыптады. ІІХК Қарағанды облыстық басқармасының №047 ісі бойынша ауданнан 40 адам болдық. Екі айдан соң,  таңғы сағат 5-те абақтының ауласында тізіп, бізді 10 жылға соттағаны туралы әскери соттың шешімімен таныстырды.Мен кейіннен білгенімдей, осы топтың 11 адамы (негізінен колхоздардың төрағалары, мал дәрігерлік техникумның директоры, аудан көлеміндегі қызметкерлер) атылған болатын». Қарағанды облысының Нұра ауданында осыған ұқсас іс бойынша  айып тағылып, бір топта 50-ден астам адам сотталды. Мұндай жағдай жер-жерде орын алды.

Қазақстанның билік орындары және Қазақ КСР-нің ІІХК сол уақытта басты айыпталушылардың құжаттары мен істерін дайындаумен айналысты. Ұ. Құлымбетов, О. Жандосов, С. Сейфуллин, А. Асылбеков және өзге де көрнекті мемлекет қайраткерлерінің істерін даярлау барысында: «Қазақстанда ұзақ уақыт бойы астыртын түрде жұмыс істеген ұлтшыл-фашистердің жетекшілігіндегі контрреволюцияшыл, ланкестік-диверсиялық топ анықталды. Бұл топ троцкистермен және оңшылдармен блок құрып, соғыс болған жағдайда Қазақстанды бөлу арқылы оны Жапонияның протекторатына айналдыруды көздеді. Аталған топ Т. Рысқұлов және Н. Нұрмақов басқарған Мәскеудегі жетекші орталықпен байланыста болған» деген  қорытынды жасалды.

Міне, «А. Горячевтің тізімі» осындай жолмен өмірге келді. Бұл тізім Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің,  ең алдымен оның хатшысы Л.Мирзоянның тікелей келісімімен құрастырылып, бекіту үшін  Мәскеуге жіберілді.  1937 жылдың қараша-желтоқсанында тұтқындалған С. Сейфуллинді, Ұ. Құлымбетовты, М. Саматовты, С. Есқараевты және тағы басқаларды алғаш тергеуден өткізуден кейін кімді ату керек және кімді соттау қажет екендігі көрсетілген тізім дайындалды. Бұл тізім А. Горячевке жіберіліп, ол өз тобымен 1938 жылы ақпанда-ақ Қазақстанға екінші «гастрольдік» іссапарын жасайды.

1938 жылы 15 ақпанда Орал қаласына келген ол, айыпсыз тұтқындалған 57 адамды ату жазасына кеседі. Бұл қазіргі Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының жергілікті партия-кеңес органдарының қызметкерлері еді. Бүгінгі таңда ең жоғарғы жазаға ұшыраған адамдардың тізімі ғана белгілі. А. Горячев 2-ші санат бойынша да үкімдерді шығарғаны нақты белгілі. Бірақ, бұл мәселеге қатысты толық мәліметтер әлі күнге дейін жоқ.

1938 жылдың 19, 20 және 21 ақпанында А. Горячев Шымкентте 75 тұтқындалған адамды өлім жазасына кесу туралы шешім қабылдайды. Қолда бар толық емес мәліметтерге сәйкес, ол 70-тен аса адамды ұзақ мерзімдерге еңбек-түзету лагерьлеріне соттаған болатын.

1938 жылы 25 ақпанда Алматыға келіп жеткен А. Горячев 1938 жылдың 13 наурызына дейін күн сайын 50-ге тарта, кейде одан да көп тұтқындалған адамдарды өлім жазасына кесу туралы шешімдерді қабылдап, жендеттік міндетін тиянақты орындап отырды. Тұтқындалғандар ұлттың элитасы, халықтың мақтанышы еді. Атылғандардың қатарында О. Жандосов, Ж. Сәдуақасов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, Ж. Шанин, Ұ. Құлымбетов, Қ. Жұбанов, Р. Сүгіров, М. Жолдыбаев және тағы басқалары болды. Ғалым-зерттеушілерге бұл тізім 1992 жылдан бері таныс болғандықтан, олардың әрқайсысына жеке тоқталып отырудың қажеттілігі жоқ.

 

Сталиннің шифрожеделхаты

Большевиктік партияның жетекшілері жазалау іс-қимылдарын жоспарлай отырып, оларды идеология жағынан қамтамасыз етуді де алдын ала қарастырған болатын. Мысалы, 1937 жылы 1 тамызда облыстар мен ұлттық республикаларға «Аудандық, партиялық, кеңес және жер органдарының құрамына өтіп кеткен халық жаулары мен зиянкестерге әрбір облыста аудандар бойынша ашық түрде үлгі болатын 2-3 процесті және колхозшыларды зиянкестікке қарсы күреске жұмылдыру мақсатында оларға қатысты болған сотты жергілікті баспасөзде кеңінен көрсетуді» ұйымдастыру туралы И. Сталиннің шифрожеделхаты жолданды.

Қазақстанда мұндай сот процестері Қарағандыда, Алматы облысының Үржар ауданында, Солтүстік Қазақстан облысының Пресновск ауданында, Шымкент, Ырғыз қалаларында және тағы басқа жерлерде ұйымдастырылды. Осы «сот процестерінің» облыс, қала және аудан бойынша үйлестірушісі және ұйымдастырушысы міндетін республиканың ІІХК-мен бірлесе отырып ҚП(б)К ОК және оның хатшысы Л. Мирзоян атқарды.

Жалпы алғанда, 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор» кезінде 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 23 мыңға жуығы атылды. Қаталдығымен танылған дивизиялық әскери заңгер А. Горячев күндіз-түні аянбай «жұмыс істеді». 1938 жылдың күзінде ол Қазақстанға тағы да келіп, 1938 жылдың мамырынан бастап қуғын-сүргіннің екінші толқынына ілінген Л.Мирзоянның, О.Исаевтың және тағы басқалардың жетекшілігіндегі адамдарына жазалау шешімдерін шығарды. Л.Мирзоянның өзі 1939 жылы атылды.

1937-1938 жылдары жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың 30%-ын – жұмысшылар, 40%-ын – колхозшылар, 30%-ын – зиялы қауым өкілдері және өзге санаттағы азаматтар құрады. 1937-1938 жылдардағы «үлкен террордың» қызыл қырғынының нәтижелері осындай.

 

«Сенімсіз ұлттар» көші

Жаппай қуғын-сүргін мұнымен аяқтала қойған жоқ. Республиканың аумағы  ГУЛАГ-тың ауқымды филиалына айналды. Бұған  ҚАРЛАГ-тың және оның бөлімдерінің, сондай-ақ қаралы атымен әйгілі АЛЖИР әйелдер лагерінің қызмет ету тарихы айқын дәлел бола алады.

Екінші дүние жүзілік соғыстың басталуымен және КСРО-ға Балтық елдерінің, Батыс Украинаның, Батыс Белоруссияның және Бессарабияның қосылуымен осы аймақтардан кеңес режиміне жағымсыз адамдарды, соның ішінде әлеуметтік топтардың толықтай санаттарын Қазақстанға көшіру процесі өз жалғасын тапты. Ұлы Отан соғысы басталысымен Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен этникалық топтардың толқыны бірнеше рет ұлғайған еді. «Сенімсіз ұлт» деп танылған немістер, қарашайлар, балқарлар, шешендер, ингуштар, қалмақтар, күрдтер, түріктер, гректер, болгарлар, қырым татарлары және тағы басқалар Қазақстанды паналады. Соғысқа дейінгі жылдардан бастап 40-шы жылдардың  аяғына дейін Қазақстанға күшпен көшірілген халықтың саны 1 млн 200 мың адамнан асып түсті.

Соғыс жылдары ІІХК органдары 1937-1938 жылдардағы материалдардың негізінде «ұлтшылдар» атауына ие болған істі қолға алады. Ол бойынша кеңестік режимге жағымсыз санатқа 500-ге жуық адам, соның ішінде Қазақ КСР-нің жоғарғы жетекші қызметкерлерінің тобы кіргізілді. Тек қосымша өткізілген тексерістен кейін ғана оларға төңген қауіптің беті қайтты. Соған қарамастан, 11 адам сотталып, олардың ішінен 3 адам өлім жазасына кесілді.

Соғыстан кейінгі жылдары да қуғын-сүргін шаралары өз жалғасын тапты. Ұлттық мәдениет және оның таптық тазалығы туралы дискуссиялар, Кенесары Қасымов қозғалысы және тағы да басқа мәселелер бойынша өрбіген пікірталастар қуғын-сүргінмен, ұлттық ғылым мен мәдениет өкілдерін қуғындаумен аяқталды. Мысалы, 50-ші жылдардың басында ұзақ мерзімдерге тарихшылар Б. Сүлейменов, Е. Бекмаханов, әдебиетшілер К. Мұхаметханов, Е. Исмаилов және тағы басқалар негізсіз сотталды. Тек И. Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана елдегі жағдай өзгеріп, олар бостандыққа шыққан болатын.Қазіргі таңда 30-50-ші жылдардағы қасірет туралы көптеген әдеби шығармалар, зерттеулер жазылып, құжаттық және көркем фильмдер түсірілді.

                                                                    Дайындаған Т. ДЕРБІСАЛИН.

 

 

 

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *