РУХЫ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ ТӘЖІ БАСЫНДА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекет дамуының жаңа идеологиялық тұғырнамасы болып табылатын бағдарлама ұсынылған. Онда латын әліпбиіне көшу еліміздің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет екендігі де баса айтылған. Міне, осы құндылықтарға, Елбасының алысты болжай білетін аса көрегендігіне, таяу жылдары Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін білімді жастарымыздың сөзсіз шет елдерде білім-білігін жетілдіру қажет екендігіне Женева сапарында анық көзім жетті.
Осы кезге дейін мемлекеттік қызметтерде жүрген жолдарым, толағай тәжірибем, жинақтаған білімім бір басымнан жетіп-артылады деп келіппін. Қатты қателесіппін. Женеваға баратын болғанымда қуанышым қойныма сыймай қатты қуанған едім. Бірақ қуанышым іле-шала су сепкендей басылып қалды. Өйткені, осы уақытқа дейін жалғыз өзім сапарға шығып көрмеппін. Қайда барсам да, қайда жүрсем де, көппен, әріптестермен, балаларыммен бірге болыппын.
Ал енді, Швейцарияға ІUF-тің (дүниежүзілік кәсіподақтар одағы) 27 Конгресіне Қазақстаннан жалғыз делегат болып кетіп барамын. Алматыдан ұшқан алып ұшақ Германияның Франкфурт қаласына келіп қонды. Әлемдегі теңдесі жоқ алып әуежайлардың қатарында екен. Осы жерден басқа рейске ауыстырылып, сапарымызды әрі қарай жалғастырады екенбіз. Міне, осы сәт айдалада, бөтен елде жалғыз қалғандай болдым. «Неге келдім» күйін кештім. Осы арада шет тілін білмейтіндігіме қатты өкіндім. Кезінде мектеп қабырғасында оқыған неміс тілінің бірі де есімде жоқ. «Шіркін-ай, осыдан елге жетіп алайын, ағылшын курсына жазылып оқырмын» деген мақсат туды. Елбасының үш тілді білу керек дегені осындай жағдайда тығырықтан шығатын төте жол екен ғой деп, мойындамасқа шарам қалмады.
Екінші ұшақта ес жиып алып, жан-жағыма қарағанда, шет елде білім алып жатқан қазақстандық жастарды кездестіріп, туғанымды көргендей балаша мәз болып қалдым. Бірге отырған көршілерім қазақ қызы мен орыс жігіті болды. Қазақ қызы ағылшынша судай ағып тұр, ал орыс жігіті ағылшын тілін осы жақта жүріп үйреніпті.
Женевада бізді, конгреске келгендерді, аяғымызды жерге тигізбей күтіп алып, қымбат қонақүйге орналастырды. Бәрі тегін. Жайлы. Барлық жағдай жасалған. Бірақ елімді, Қазақстанымды, туған топырағымды сағынғаным-ай! Жер-әлемді жеті айналсаң да, сырт жерде қанша алтынмен апталып, күміспен күптелсең де, туған елдей ел болмас! Соны ұқтым.
***
Дамыған және дамушы елдерде кәсіподаққа деген көзқарас мүлде өзгеше. Бүгінде кәсіподақтармен тығыз жұмыс істейтін Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сияқты елдердің экономикасы да, әлеуметтік, азаматтық саласындағы даму кей елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Өйткені, кәсіподақ арқылы олар қатардағы жұмысшылармен тікелей жұмыс істейді.
Қазақстан атынан бір өзім қатысып қайтқан ІUF-тің 27-Конгресіне әлемнің 127 елінен 600 делегат, 82 бақылаушы қатысты. Бұл 2012 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда ІUF Конгресі беделінің өскендігін байқатса керек.
Конгрестің күн тәртібінде адамдардың жалақысы жақсы, тұрақты, құқығы жан-жақты қорғалған жұмыспен қамтамасыз етілуі туралы; қауіпсіз жұмыс орны жөнінде; ешқандай кемсітпеушіліктің орын алмауы, әділдік, ашықтық хақында келелі әңгімелер қозғалды. Бұл аталған тақырыптарды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Себебі, осы мәселелердің басын біріктіріп шешкенде ғана, жұмысшы-еңбеккерлердің еңбек сапасы жоғары болмақ. Өзім де осы салада жүргендіктен, талай еңбеккердің құқығын қорғауда көп істер тындырдық. Яғни кәсіподақ – сіздің жұмыс орныңыздағы қауіпсіздігіңіз, тұрақты жалақы мен жұмысыңыз, теңдік пен баршаға бірдей құрмет деген сөз.
Менің бір байқағаным, біздегі өмір сүру салтымыздың, ішкі-сыртқы саясатты ұстану бағытындағы баға жетпес құндылықтарымыздың Конгрес жұмысымен үндесіп жатуы еді. ІUF Конгресі өзі құрылған уақыттан бері талай компанияда әділетсіздікке душар болып, жұмыстан заңсыз шеттетілген адамдардың өз орнына қайтадан оралуына көмектескендігінің куәсі болдым.
Мен өз кезегімде көрген-білген, тыңдаған-түйген тақырыптарымды өз еліме, қызметіме ала келдім. Ендігі жұмыс – соларды тиімді пайдалану. Кәсіподақ – қашанда баршаңызбен бірге.
***
Қазақстаныма қайтарда, Астанаға дейін жолаушылар аз ғана болатын шығар деген ойым дұрыс болмай шықты. Алып ұшақ ішіндегі әр ұлттың өкілдерімен алғашқыдай емес, ымдап болса да, аудармашы арқылы еркін тілдесіп жатырмын. Бәрінің де айтатыны – «Астананы, ЭКСПО-ны аралауға, оның салтанатты жабылуын көруге бара жатырмыз». Тағы мақтандым сонда! Төбем көкке жеткендей болдым. Ол менің елім ғой деп іштей күбірлеп қоямын. Жанымдағы жолсеріктердің Қазақстан туралы азды-көпті мағлұматтары, әсіресе, біздің Елбасы туралы пікірлері марқайтып тастады. Баласағұн бабамыз айтып кеткендей, «Рухы мықты елдің тәжі – басында, рухы – қасында». Рухани жаңғыру жолына түскен еліме аласармас абырой тілеймін.
Рая ИДРАЛИЕВА,
«Алматы облыстық жергілікті
кәсіби агроөндірістік кешені және мемлекеттік мекемелер
қызметкерлерінің одағы»
қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.
Ақпараттық сауаттылықты дамыту – уақыт талабы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің шет ел филологиясы және аударма ісі, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының мамандары шет елдің 14 алпауыт университеттерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. 2016 жылдан бері шетелдік және отандық әріптестердің қатысуымен бірқатар басқосулар өтті.
Мұндай жиындар «Үздіксіз білім алу мен үнемдеуге арналған трансаймақтық ақпараттық сауаттылық («Developіng Trans-regіonal іnformatіon lіteracy for lіfelong learnіng and knowledge economy») атты «Еразмус+» халықаралық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Мәселен, 2017 жылдың наурыз, мамыр айларында Петрозаводск (Ресей), Пекин (Қытай) қалаларында кездесулер өтіп, мұнда серіктес-университеттер жобаның негізгі мақсат-міндеттерін оңтайлы іске асыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.
Жобаның негізгі мақсаты – ақпараттық кеңістіктің мүмкіндіктерін сауатты пайдалану арқылы ғалымдардың әлеуеттілігін арттырып, олардың зерттеулерін әлемге таныту. Сондай-ақ, ағылшын тіліндегі ақпараттарды пайдалану мүмкіндіктерін үйрету және осыған жас ғалымдарды машықтандыру. Бұл өз кезегінде отандық ғалымдарды әлемдік деңгейде танытуға септігін тигізері сөзсіз. Жобаға Германия (Дрезден технологиялық университеті), Қытай, Ирландия (Лимерик технология институты), Словакия (Константин Философ университеті), Прибалтика, Ресей Федерациясы (Петрозаводск мемлекеттік университеті), Қазақстан жоғары оқу орындары Алматы (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Астана (С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университеті), Қостанай (А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті) және олардың кітапхана қызметкерлері қатысуда.
2017 жылдың қазан айында барлық серіктес университеттер Ирландияның Лимерик қаласындағы Лимерик технологиялық университетінде бас қосты. Аталған отырыста «Кітапхана қызметкерлерін оқытудың оқу бағдарламасын талқылау, ақпараттық сауаттылықты насихаттаудың маркетингтік стратегиялары» атты мәселелер талқыланды. Бұл жобалар білім саласындағы түрлі тәжірибелерді салыстыра отырып, оңтайлы тұстарын өз саламызда қолдануға мүмкіндік береді.
Д.А.ҚАРАҒОЙШИЕВА,
Шет ел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі,
Г.С.СҰЛТАНҒАЛИЕВА, д.ф.н., профессор,
PhD және тарих факультетінің әлем тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі.