Руфинат Бегдайырқызы, №108 мектептің директоры: Мұғалімдерді қолдау жалғаса береді

Руфинат Бегдайырқызы, №108 мектептің директоры: Мұғалімдерді қолдау жалғаса береді
bugin.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  Қазақстан халқына  арнаған  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік не­гізі» атты  Жолдауы ұстаздар қауымының көптеген мәселелеріне жауап іспетті болды.  

Биылғы ел Президентінің Жолдауында білім беру саласын жан-жақты дамыту қамтылып отыр.

Жолдаудың үшінші бағыты білім беру саласына арналып, мұғалімдерді қолдау саясаты әлі жалғаса беретіндігі айтылды. Бұдан былай мұғалімдерді  қайта даярлау 5 жыл сайын емес, 3 жылда бір рет өтіп отыратын болды. Өйткені, мұғалімдер оқушыларға жаңаша білім сіңіре алатын нағыз ағартушы болуға  тиіс. Ғылымға ынтасы бар оқушылар мен олардың жетекшілерін материалдық ынталандыру мәселесі де көтерілді. Алдағы уақытта халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алған талантты оқушыларға 4,5 млн. теңге көлемінде ақшалай марапат берілсе, олардың ұстаздары да материалдық тұрғыдан ынталандырылатын болды. Жеңімпаз оқушыларға жоғары оқу орнына түсуі үшін конкурстан тыс гранттар берілетін болды.

Президенттің  қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқарту қажеттігі де  өзекті мәселе болатын.  Мұның өзі білім алуға жасалып жатқан қолдауды көрсетеді. Елімізде мектеп тапшылығы әлі де өзектілігін жойған жоқ. Енді бұл мәселе шешілетін сыңайлы. Елімізде 2025 жылға дейін 800 мектеп салу көзделсе, Президент оның санын мыңға дейін жеткізуге міндеттеді.

Білім саласын толық қамтыған бұл Жолдауды №108 мектеп ұжымы да жан-жақты талқылап, білім жүйесіндегі өткір мәселелердің шешімін табатынына сенім білдіріп отыр.