Роза Бағланованың 100 жылдығына орай челлендж басталды

Роза Бағланованың 100 жылдығына орай челлендж басталды
Cурет: Ашық дереккөз

Роза Бағланова 1922 жылы 1-қаңтарда дүниеге келген

Қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың 100 жылдығына орай #РозаБағланова100 жыл челленджін басталды. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Қазақконцерттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа 2022 жыл күнтізбесінің алғашқы парағын қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ашады.

Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова 1922 жылы 1-қаңтар күні дүниеге келген. Бар ғұмырын қазақ өнерінің өркендеуіне арнаған Роза Тәжібайқызы жарты ғасырдан астам уақыт бойы «Қазақконцерт» ұйымында еңбек еткен.

Осыған орай Роза Бағлановамен әріптес болып, тәлімін алған Қазақконцерт әншілері алғашқылардың бірі болып #РозаБағланова100жыл музыкалық челлендж ұсынды. Әлеуметтік желіде таралып жатқан жаңа челленджді Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева бастады. Ол барша қазақстандықтарды құттықтап, эстафетаны «Бұлбұл» сериалында Роза Бағланованың образын шебер сомдаған жас актриса, «Астана мюзикл» театрының әртісі Зарина Жакеноваға жолдады.

Еске салсақ, өткен жылы 24 қарашада ЮНЕСКО-ның (БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдығы енді. Осылайша, Қазақстанның қос тұлғасының мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек.