Роза Бағланова сахнадан «көрінді»

Роза Бағланова сахнадан «көрінді»
Суреттер: Almaty-akshamy.kz

Алматыға гастрольдік сапармен ат басын бұрған «Қазақконцерт» ұйымына қарасты «Astana Musical» мемлекеттік театры Роза Бағланованың 100 жылдығына орай «Роза Бағланова» мюзиклін ұсынды.

Мюзикл қалың көрерменге халықтың сүйікті әншісінің ішкі жан-дүниесі мен оның қайталанбас өнер әлемін паш етті.

«Роза Бағланова» мюзиклінің режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин мәлімдегендей, жаңа туынды әншінің балалық шағынан бастап, соғыс жылдарындағы тағдыры туралы сыр шертеді. «Мюзиклде Роза Бағланованың ән әлеміне келуі, соғыс жылдарындағы қайсарлығы, өнер жолындағы қиындықтары мен тағдырындағы сын сағаттар көрініс тапқан. Оқиға желісі әншінің 1930–1945 жылдар аралығындағы өмірін суреттейді. Сахнада Роза Бағланова орындаған атақты туындылар, арнайы жазылған авторлық туындылар шырқалды», – дейді режиссер.

Жалпы, қойылым барысында сахнада 60-тан астам әртіс өнер көрсетті. Әрқайсысы сол жылдардағы халықтың, еңбек адамдарының, жауынгерлердің бейнесін шебер сомдады. Әндерін де шырқап салып, халықтың әсем әнмен көңілдерін тербеді. Басты рөлді сомдаған әртістің бірі – Зарина Жакенова Роза Бағланованың образын сомдау үшін барынша ізденгенін жеткізді.

«Роза Тәжібайқызы – ұлттың үні атанған атақты әнші. Оның образын сомдау – бұл үлкен жауапкершілік. Ол кісінің тұлғалық қасиеттерін, соғыс жылдарындағы қайсарлығын, ән айтудағы өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін қалың көпшілік өте жақсы біледі. Бүгінгі қойылымда әншінің өмірбаянындағы осы тұстарын біз жаңа қырынан ашуға тырыстық», – дейді актриса.

Жаңа мюзикл көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, олардың зор ықыласына бөленді. Қойылымды тамашалауға келген белгілі театр қайраткерлері, өнертанушылар мен зиялы қауым өкілдері жаңа туындыны жоғары бағалады.

«Көптен бері осы қойылымды көруді армандап жүрген едім. Құрбыларымнан спектакль жайлы жағымды пікір естідім. Келдім, көрдім, қуанып қайттым. Жастарымыз сондай талантты. Әр әнді өз жүрегімен орындап, бізге ұсынып жатыр. Арасында өзім де қосылып шырқап кетемін. Қаламызда осындай мәдени шаралар көптеп өткізіліп жатқаны көңіл қуантады», – дейді көрермен Жадыра Асылбекқызы.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау шараларын қабылдауды тапсырып, былтыр соған сәйкес «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» Роза Бағланованың есімі берілген еді. Биыл әншінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде.