«Роторда» – қазақстандық үштік

 

 

  • Қазақстан құрамасының қорғаушысы Юрий Логвиненко алдағы маусымда Ресей премьер-лигасындағы «Ротор» командасында өнер көрсетуі мүмкін. Ол қазір волгоградтықтардың оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Бұл командаға осы қыста Алексей Щеткин, Дмитрий Шомко сияқты отандастарымыз да ауысқан еді. Логвиненко келісім-шарт жасасатын болса, «Роторды» толықтырған «Астана» командасының төртінші футболшысы болмақ. Бұған дейін беларусь Иван Маевский де осы команданың жейдесін иген еді.
  • Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Әйімбетов Ресейдің «Орал» командасында байқауда жүр. Ол БАӘ-нің «Лива» командасымен жолдастық кездесуде (2:1) доп соғып, командаласына гол пасын шығарып беріп, жеңіске зор үлес қосты. Отандық тағы бір футболшы Максим Федин бұл кездесуге екінші таймнан қосылды. Олардың болашағы жақында шешіледі.
  • Әбу-Дабиде (БАӘ) өткен UFC-257 турнирінің басты жекпе-жегінде америкалық Дастин Порье ирландиялық Конор МакГрегорды екінші раундта нокаутпен ұтты. Бұл сенсацияға баланған жеңіс болды. Қос мықты 2014 жылы алғаш төбелескенде, МакГрегор қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберген еді. МакГрегордың Әбу-Дабидегі сәтсіздігі ережесіз жекпе-жек жанкүйерлерін екіұдай күйге түсірді. Жақында спорттан қол үзген чемпион Хабиб Нұрмұхамедов Инстаграм желісіне Конордың нокаутқа түскен суретін салып: «Елдің бәрін оятып, өзі ұйықтап қалды», деп әзілдеді.
  • Осы турнирде қазақ спортшысы Жалғас Жұмағұлов швециялық Әмір Әлбазиден төрешілер шешімімен жеңілді. Төрешілер үш раундқа созылған жекпе-жекте Әлбазидың екі раунд басым болғанын тіркеді. Жалғас UFC әлемдік промоушнында екінші кездесу өткізіп, екеуінде де қарсыластарына жол берді.
  • Мәскеуде фристайл-акробатикадан өтіп жатқан әлем кубогінің кезеңінде Жанбота Алдабергенова жетінші орын алды. Жарыс қорытындысы бойынша ол 80,32 ұпай иеленді. Бұл бағдарламада Австрия спортшысы Лора Пил 98,58 ұпаймен көш бастады. АҚШ өкілі Винтер Винеки 85,68 ұпаймен – күміске, 84,10 ұпай еншілеген канадалық Марион Тенольт қола жүлдеге қол жеткізді.

 

Дайындаған Естен САБАЛАҚ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *