Роботтар заманы келе жатыр

Роботтар заманы келе жатыр almaty-akshamy.kz

Қауіп қайдан?


ХХІ ғасыр сандық технология мен сервистік қызметтер дәуірі десек те...


Біздің заман өзгеше. Күніне түрлі жаңалық, түрлі өзгеріс болуда. Интернет алысты жақындатып тұр. Айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызуда. Технология тілін білгеннің дәурені жүріп жатыр. ІТ, электронды қызмет, сандық формация және т.б. дүниелер алға озды. Адам компьютерді ұршықша иіруде. Роботтар заманы келе жатқан сияқты. Бүйте берсе, ғарышқа қарапайым жандар өзінің жекеменшік құрылғысы арқылы ұшатын күн де алыс емес-ау?!


Қазір барлық тірлік электронды форматта жүзеге асуда. Instagram, Watsapp, Facebook, Viber сынды әлеуметтік желіні қолданбайтындар кемде-кем. Әр азамат цифрлық қызметтерді пайдаланатыны анық. Қағазбастылықтан арылып келеміз. Бұл процесс АҚШ, Оңтүстік Корея, Сингапур сынды озық технологиялы елдерде жолға қойылған. Үйден шықпай, кез келген төлемді қолындағы телефоны арқылы іске асырып отыр. Аяқ ауыртып, шаршап- шалдығудың керегі жоқ. Жалпы, әлем осы бағытқа қарай дендеп еніп бара жатқан сияқты. Осыған орай, электронды әлемнің құдіреті мен алдағы берер кәдесіне ой жүргіртуді жөн көреміз.



СМАРТ ҮЙ


Қазіргі заманның үйлері тым басқаша. Іргетасынан шатырына дейін ойластырылған. Жәй ғана жер жағдайына бейімделіп қоймаған. Қайта адамның ыңғайына қарай ойластырылған. Бір сөзбен айтқанда, ақылды үйлер саналады. Бұрын иесінің келгенін ит білетін. Алыстан сезіп, ойнақшып үретін. Бүгінде табиғаттың жанды заттары жансызға ойысқандай. Ендігі жерде үй иесі алыстан келе жатқаннан қақпа ашылады. Арнайы уақытқа қойсаңыз, сол уақытта жарық жанады. Төсек, кереует жиырылып, отыратын болсаңыз, соған сай қызмет қылатын түрі бар. Болашақта осы аталған дүниелер шытырман оқиғадағы фильм сюжетінің желісі емес, шынайы оқиға болатын жайы бар.


Баспана - әрбіріміз үшін материалдық құндылық. Оның адам баласына қызметі зор. Соның уақыт ағымымен жетіліп өсіп-өркендегені қуантады. Егер де үй иесін сезетін құрылғы жетіле түсер болса, нұр үстіне нұр болады. Осының жетістігін төмендегідей топтастырамыз.


Дәлірек:



  • Ыңғайлы.

  • Өмірді жеңілдетеді.

  • Көңіл серпіледі.

  • Үлкен көмек.


Біздің дәуіріміз ғылыми прогрестің алға серпілген шағы. Дәл осылай тұжырымдасақ, шатаспаймыз. Өйткені, адам осыған жақындап барады. Күн сайын қолайлылықты іздейміз. Барынша ыңғайлы ғұмыр кешкіміз келеді. Соның арқасында көңіліміз серпіле түседі. Ең бастысы, үлкен көмек. Әсіресе, жалғыз-жарым ғұмыр кешетін үлкен кісілер сырттан біреуді іздеп сабылмайды. Оның қызметін смарт үйдегі ақылды құрылғы атқарады. Бәлкім, ол роботтың баламасы немесе нақ өзі болар, онысын уақыт көрсетеді.


Бүгінгі таңдағы үйдің құрамында қойма, жертөле, гараж сынды дүниелерге де смарт сөзі қолданылып келеді. Таңертең гараждың есігі өздігінен ашылып, жеңіл көлігіңіз дайын тұрса, сіз барып отырып айдап кете берсеңіз, өте шарапатты болар еді.



СМАРТФОН


Қазір барлық істі смартфонмен тындырамыз. Әлеуметтік желі арқылы бар шаруаны шалқайтамыз. Қоғамдағы күрмеулі түйінді де пікір жазып шешуге тырысамыз. Барша фильмді осыдан көреміз. Қызық кинокартина болса, соған үңілеміз. Тіпті смартфонсыз күніміз атып, кешіміз батпайтын сияқты. Бала да, қария да телміріп барамыз. Сөйлеуден қалудамыз. Кісімен дастархан басында отырып телефон шұқылаймыз. Кісінің көңілі үшін ғана қолымыздан әзер тастаймыз. Оның өзін қарсы тараптағы жан өтінгенде ғана істейміз.


Смартфонды қолданған жақсы. Оның еш сөкеттігі жоқ. Бірақ күн ұзаққа 5-6 сағат бас алмай отыра беру аурушаңдыққа ұшыратады. Ғалымдар компьютер алдында ең ұзақ дегенде 1,5-2 сағатқа отыруға кеңес береді. Соның арасында бірнеше рет 15–20 минутқа үзіліс жасаған абзал көрінеді. Әйтпесе, жүйке тозып, бел омыртқаның ауруына душар етеді.


Таңертең де кісіні смартфон оятатын болды. Жатарда қалың ұйқы құшағына енгенше қолдан тастамаймыз. Үнемі басымыз ауырады. Кейде не айтып, не қойғанымызды аңғармаймыз. Ақпарат көп, сүзгі аз. Сондықтан ми тез шаршайды. Мұның да алдын алып, белгілі бір сәтте ғана телефон қолдану керек. Себебі, кез келген жаңа технологияның пайдасы мен зияны бірдей. Осыны естен шығармайық!



РОБОТ


Көкейді тескен бірнәрсе бар. Ол – робот. Адамның артықшылығы азайып, техниканың қуаты артты. Бұл да өзекті дүние. 2050 жылға дейін роботтехниканың қарыштап дамығанын көреміз. Олар Жапония, Оңтүстік Кореяда даяшы, ХҚКО маманы, аула сыпырушы, қоғамдық тәртіп сақшысы сынды бірқатар істерді атқарады. Бірақ пилоттық жоба ретінде қолға алынған.


Роботтың адамзатқа пайдасы мен зияны бірдей. Бұған талас көп болуы ықтимал. Дейтұрғанмен, жасанды интеллектен қашып құтыла алмайтынымыз анық. Сол себепті де, кәделі мен кедергі жақтарына назар аударамыз.


Пайдасы:



  • Жәрдемші.

  • Шаруаны жеңілдетеді.

  • Бағдарламамен басқарылады.


Зияны:



  • Кісіні жалқау етеді.

  • Науқасқа душар етеді.

  • Адамзаттың басқарылуынан шығып кетуі мүмкін.


Сонда да роботқа иек артамыз. Бар шаруаны жасайды деп сенеміз. Ең бастысы, темір құрылғыға бағдарлама орнатып қойсаңыз, бәрін жасайды. Алайда, бір күні адамның басқарылуынан шығып қалса, дүниені төңкереді. Ал оның залалы күллі дүниеге ауыр тиеді. Тым ақылды біреу, адамға бағынбайтын өздігінен шешім қабылдайтын тетігін ойлап тапса, оны қалай тоқтатасыз?!


Жасанды интеллект сезім, ойлау, көңіл күйді бере алмас. Оны жасап шығарған күні не болатынын кім білсін? Бірақ артық қыламыз деп тыртық қылып алып жүрмелік! Бұл дүниеде пенденің ойы ұшқыр. Табиғаттың заңдылығына сай болып, солай қалғанын қалар едік.



Түйін


Бұл ғаламда бар жаңалықты адам ойлап табуда. Бір жағынан, соның зардабын да тартып жатыр. Әлгі ойлап шығарылған заттар экологиялық тұрғыдан таза болмай тұр. Табиғи өнімнен алшақтап барамыз. Барша тұтынатын заттар жасанды. Сондықтан болашақты ойласақ, табиғи құбылыс үрдісін бұзбайық. Жасыл желекті отап, өзен-көлді құрғатып, орынына зәулім ғимарат, мекеме сала берудің қаншалықты қажеті бар. Заман дамыған сайын адам бір-бірімен қарым-қатынастан ажырады. Бәріміз әлеуметтік желіде біреу бір пікірді бастап жазса, солай ойлайтын жағдайға жеттік. Өркениеттің соңы неге апаратынын кім білсін?!


Біз өркениетке қарсы емеспіз. Ең бастысы, таразының басын тең ұстау керек. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Жер беті шытырман фильмдердегі «Зомбилер елі» емес. Жер - жұмыр басты пенденің жарық әлемдегі жұмақ мекені. Осыны ұмытпайық. Бір сөзбен топшылағанда, шуақты күндер алда деп иланамыз.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:38

19:41

19:05

18:50

18:08

17:47

17:40

17:24

15:50

15:40

15:38

15:18

14:48

14:39

14:15

14:11

14:08

14:03

13:46

13:33

13:25

13:13

12:47

12:40

12:31