Робототехника болашаққа бастайды

Робототехника болашаққа бастайды
Фото: Самат Құсайынов

Алматы қаласында 21-22 желтоқсан аралығында «Techcup-2022» робототехника және инновациялық технологиялар бойынша VII ашық чемпионат өтті.

Алматы қаласы әкімінің кубогына ҚР барлық өңірлерінен 7 жастан 22 жасқа дейінгі әртүрлі жастардағы 700-ден астам команда қатысты. Олар үлкендер, орта жастағылар, кішілер деп үшке бөлініп, өзара бақтарын сынады. Кіл мықтылардың жобаларына қолдаушылар да табылды. Мектеп оқушыларының көпшілігі 2-3 айдың көлемінде құрастырған роботтарының ептілігін сынады.

«Қаламызда ең үлкен чемпионаттардың бірі ұйымдастырылып жатыр. Бізде инженерлік жобалар; бағдарламалау; ІТ-дегі бизнес; 3D-модельдеу; роботтар жарысы секілді бағыттардан жарыс өтті. Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндердің роботтарының арасында роботтарды соғыстыруға мүмкіндіктері болды. Олар VEX, сумо, желі, кегельринг сынды бағыттардан тұрады. Балаларымыз 3D-модельдеу бойынша архитектуралық жобаларды құрастырды. Осы чемпионатта үздік атанған қыз-жігіттердің жобаларын Алматы қаламыздың сәулетіне, құрылысына қолдануымыз әбден мүмкін. Қарап отырсаңыздар, чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды, білімді, ақылды балалар жиналған. Осыған қарап-ақ болашағымыз жарқын болатынына сенімдімін», – дейді ұйымдастырушы Оразмұхаммет Бекмұрат.

Чемпионаттың мақсаты – балалар мен жастардың инновациялар мен инженерлік әзірлемелер саласына қызығушылығын ынталандыру, ІТ-құзыреттіліктерін дамыту және танымал ету, балалар мен жастар арасында таланттарды анықтау және қолдау болып табылады.

«Біз осы чемпионатқа замауи қазақ үйді құрастырып алып келдік. Біз қазақ үйге екінші қабатты жалғадық. Сондай-ақ, ақылды түндік орнаттық. Адамдардың қалауы бойынша түндік өзі ашылып, жабылады. Қосымша күн энергиясын, жел энергиясын және жылу энергиясын қостық. Газбен де айналасын қамтамасыз еттік. Жинақталған энергия арқылы жарық шамдар жанатын болады. Бұл жобаны жасауды 2018 жылдан бастап қолға ала бастадық. Кейіннен түрлі мамандардың ой-пікірлерін ақылға сала отырып, өзгерістер енгіздік. Десе де, бұл жобаны құрастыруға бізге екі апта уақыт кетті. Біз бұны досымыз екеуміз құрастырдық. Екеуміз екі мектептен болсақ та,  бізді байланыстырған роботехника болды», – дейді Олжас Санатұлы мен Нұрәлі Тоқбергенов есімді қатысушылар.

TechCup мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін, кәсіпкерлерді, ата-аналарды, сондай-ақ білім беру идеялары мен жобаларының авторларын біріктіреді. Жас ғалымдар өз жобаларын өте жоғары халықаралық деңгейде жасап шыққан.

«Біз бұл жобаны көптен бері күттік. Сол себептен өзіміздің ерекше жобаларымызды құрастырдық. Марста өсімдіктердің өсуіне ыңғалы болуы үшін жылыжай құрастырдық. Біз бұл жобада Марстың ауа-райын, температурасын, ылғалдылығын басты назарға алдық. Марстың биохимиясын зерттедік. Қазіргі уақытта біздің ғаламшарымыздың экологиясы өте нашарлап келеді. Осындай кезде шетелдік ғалымдар басқа ғаламшарлардағы тіршілікті зерттеуде. Яғни қандайда бір жағдайлар орын алса, көшуге мүмкіндіктер туындатып жатыр. Осы орайда біз де еліміздің атынан Марста өмір сүру қолайлығы бар екендігін дәлелдеп, осы жобамызды Марста да сынап көргіміз келеді. Біздің жобамызда түрлі датчиктер, маторлар, дисплей қолданылған. Бұның барлығы ылғалдықты ұстап тұру мақсатында жасалған. Біз бұл чемпионатқа Маңғыстау өңірінің намысын қорғап келіп отырмыз. Біз үш айдың ішінде 4 адам осы жобаны ұйымдастырдық», – дейді қатысушы Үсірбай Шүкірбай.

Қазіргі таңда Қазақстанда роботтық техника саласында еңбек ететін адамдар саны әлдеқайда артқан. Олардың қатарында жас балаларға бағдарламалау мен роботтық техниканы үйрету үшін әлеуметтік жобаларын жүзеге асыра бастағандар да бар. Өздерін ұстаздық салада көрсете бастаған жастарымыз да жетерлік. Олардың бірқатары бүгінде шәкірттерін әлемдік додаларда жарыстарға қатыстыруда.

«Біз бұл жарысқа 3D дизайн интерьер бойынша қатысып отырмыз. Бұл жерде 3D бағдарламасында  бөлменің интерьерін жасап келдік. Чемпионат біздің балаларымызға үлкен мотивация берді десек, артық айтпағанымыз. Осы жобада жеңімпаз болғандарға 15 грант беріліп отыр екен. Одан бөлек, қаржылай сый-сияпаты бар. Біз үлкен топқа 7 баламызды алып келдік. Олар 3D модельдеудің әр түрлі бағыттары бойынша жобаларын әзірледі», – дейді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің тәлімгері Назым Оразбекова.

Бірінші TechCup чемпионаты 2014 жылы өтті. Осы жылдар ішінде чемпионаттың ауқымы 20 командадан 586 командаға дейін кеңейіп, қатысушылар саны 2000 адамнан асты. Қазіргі уақытта  ғылымда компютерлік бағдарламалау тілін меңгерушілер саны артып келеді. Бұл дегеніміз роботехникалық техникалардың дамуына үлкен қарқын береді деген сөз. Алыстан ат терлетіп келген оқушылар мен студенттер  роботтың қаңқасына істен шыққан ескі компьютерлердің қалдықтарын, жарамсыз кардон қағаздарын, ескі элоктронды заттарды пайдаланған. Осылайша өздеріне, қоғамға қажетті ақылды роботтар құрастырған.

«Біздің жобамыз қоймалық сақтауды автоматтандыруға арналған робот манипулятор. Оны жасауға 4 ай уақыт кетті. Біз досымыз екеуміз құрастырып шықтық. Ол әртүрлі заттарды тасымалдай алады, тізбекке қоса алады. Ақаулы заттарды бөлек орынға шығара алады. Онда 3 режим бар. Олар автоматтық, жартылай автоматтық, қол режимі болып бөлінеді. Бұл жобаны көптеген салаларда қолдануға болады. Мәселен медицинада, құрылыс саласында, тәтті тағамдарды тасуда өзінің көмегін тигізе алады. Сонда адамдар ауыр заттарды көтеріп еш әуреленбейді. Сонымен қатар кәмиттерді реттеп, жарамсыздарын лақтырып жіберу мүмкіндігіне ие. Бізде үш режим бір кодта орындала береді. Оған арнайы код жазып әуре болудың қажеті жоқ. Бәрі бірден қамтылған», – дейді қатысушы Абай Мағжан мен  Жәкен Диар есімді оқушылар.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 4 млн. теңгеден асады. Сонымен қатар республиканың бірқатар жетекші жоғары оқу орындары чемпионат жеңімпаздары үшін 2023 жылға арналған 15 білім грантын бөледі.

«Барлық жоба қазіргі уақытта біздің қоғамымызға  қажетті жобалар. Қарап отырсаңыз, экологияны дамыту мақсатында, адамдардың ауыр жұмыстармен айналыспауына, ақылды үйлерде тұруына ыңғалы жобаларын алып келген. Оқушылардың ішінде Марста өсімдіктер өсіруді қолға ала бастағандары да бар. Бұдан бөлек, компаниялардың жұмысын жақсартатын жобаны бір бала таныстырды. Оның жобасы қазылар алқасының көңілінен шығып, компанияларға ұсыныстар да түсіп жатыр. Одан бөлек, сайт әзірлеген студенттер мен оқушылар өздерінің озық ойларын ортаға салды. Бұл сайтты тіпті шетелдіктерге ұсынсақ, бірден жүзеге асыра кететін еді. Бүгінде қарап отырсам, балалардың роботехникаға деген қызығушылығы артқан. Мемлекет тарапынан ақырындап қолдау да көрсетіліп келе жатқан жайы бар», – дейді роботехник, қазылар алқасының мүшесі Данияр Керімқұлов.  

Чемпионат Алматы қаласында «Almaty Arena»  МС базасында өтті. Іс-шараны Алматы қаласы білім басқармасы мен Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Чемпионатқа 700-ден астам командадан 2000 қатысушы қатысты.